Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің ұстазы Кушербаева Жанат ұстаздың ұйымдастыруымен мәуліт айын тиімді өткізу мақсатында нәзік жандылар 40 хадис айтудан жарысты.
Жарысты Айнур Зулфикарқызы жүргізіп, екі топқа бөлінген Кәусар мен Фирдаус бір-бірімен сайысқа түсті.
Ең әуелі жарыс Құран аятарын оқумен басталып, «Байзақ баба» мешітінің ұстазы нәзік жандыларды мәуліт мерекесімен құттықтап, «Хадис жаттаудың пайдасы» тақырыбында насихат айтып, екі топқа төрелік жасады.
Жарыс үш кезеңнен өтті. Атап айтар болсақ:
- Алла Тағаланың 99 көркем есімдерін жатқа айту;
- Қазыналы қобдиша (таңдалған ұяшықтағы хадистің қазақша мәтінін қатесіз, шатаспай жатқа айтып түсіндіру);
- Хадис – ғұрпымыз (билеттегі хадис санына байланысты хадисті айтып соған сай мақал-мәтел айту).
Жарыс қорытындысы бойынша Фирдаус тобы жеңіске жетіп үздіктер қатарынан көрінді. Жарысқа қатысушыларға ҚМДБ мақұлдаған «Адамзаттың асыл тәжі» және «Әйелдерге арналған 30 хадис» кітаптары сыйға берілді.