Ислам медицинасы адамның тәнін дертке ұшырау қаупінен сақтайды. Имам аш-Шафиғи былай деген: «Қоғамға екі түрлі санаттағы адамдар қажет: ғалымдар – дінді сақтау үшін, дәрігерлер – олардың тәнін (денсаулық) сақтау үшін». Сондай-ақ: «Мен халал (рұқсат етілген) мен харам (тыйым салынған) және медицина білімінен басқа ғылымды білмеймін».
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен оның қадірлі жанұясы, әйелдері және сахабалар ауырып қалса, емделген. Олар сол уақыттағы атақты, құрамы пайдалы саналған нәрсені емделу әдісіне қолдануды кеңес еткен, ақырында ғалымдар оны құптады.
Қара зере. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ем қабылдаған кезде қара зере дәнегін қолдануға шақырған. 1959 жылы әлемде 200-ден астам зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, ғылым толығымен қара зеренің біздің өмірімізге маңызды екенін дәлелдеді. Алайда, оны 1400 жыл бұрын Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қара зеремен емделіңдер, ол өлімнен басқа барлық дерттің шипасы!», – деп айтып кеткен болатын (Бұхари мен Мүслим жеткізген)
Сарымсақ. Бір күні Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әли ибн Әбу Талибке: «Сарымсақты же, мен періштелермен араласпағанда жейтін едім», – деген. Сарымсақтың шипалы екенінде еш талас жоқ. Сарымсақты жеген соң өзіне тән қолайсыз иіс сияқты кемшілігі болса да, ол бактерияға қарсы, діңгене ауруына шипа, сондай-ақ қылтамырларды нығайтудағы өте тиімді табиғи әдіс, әрі ағзаны өте жақсы бейімдейді.
Құрма. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Кім таңертең жоғарғы сұрыпты жеті құрма жесе, ол күні оған у да, дуалаушылық та зиян келтіре алмайды», – деген. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, құрма азықтың таңдаулы түрі ғана емес, бірқатар аурулардың шипасы саналады.
Піштен (Сенна). Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерге піштенді қолданған жөн, өйткені ол удан басқа барлық дертке шипа», – дегенде: «Ол қандай у?», – деп сұралады. Сонда Алла Елшісі: «Өлім», – деп жауап қатты (Ибн Мәжаның жинағы).
Алоэ
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алоэны емдеу үшін қолдануды бұйырып, әсіресе, көз ауруына да шипалы екенін айтты. Алоэдан жасалған дәрі-дәрмекті іш аурулары – гастрит, асқазан ойық жарасы және ұлтабар, іш қату кезінде пайдаланады. Алоэ шырынын жазылмайтын жара, ойық жара, күйік, терінің сәуледен зақымдануы сияқты тері ауруларын емдеу үшін де қолдануға болады.
Зімбір – пайдалы заттардың қайнар көзі. Зімбірдің құрамында феландрин, цинеол (эвкалиптол), эфир майлары, цитрал, борнеол, гингерол (зімбірдің тамырында болады), камфин секілді ағзаға пайдалы компоненттермен қоса, маңызды аминқышқылдар: лейзин, фениланин, метионин бар.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) медицинасы немесе Ислам медицинасы – сүннет амалымен емделу, яғни Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен Құран аяттары немесе пайғамбарлық хадистеріне сүйенеді.
Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ,
Абай облысының бас имамы