Құрметті мұқтарам жамағат! Қадірлі ағайын!
Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесінің келіп жеткенімен баршаңызды құттықтаймын! Бұл ай әр шаңыраққа бақ, береке, қуаныш пен шаттық алып келсін!
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынсұнушылықпен салауат, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят) деп, Пайғамбарға салауат айтуға бұйыруында үлкен мән жатыр. Бұл аяттан Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рахмет етіп, абыройын жоғарылатып, дәрежесін өсіретінін түсінсек, ал періштелер болса сол дәрежені тілеп, дұға ететінін аңғарамыз. Сонымен қатар біз, мұсылмандар, Алланың сүйікті елшісіне үнемі салауат айтуды Алланың екі дүниенің бақытына кенелу үшін бізге бағыттаған бұйрығы деп білеміз. Сондықтан салауатты тасамай, үнемі айтып жүрейік. Бір ғана салауат айту арқылы Алла дәрежемізді арттырып, тілеген дұға-тілегімізді қабыл етеді.
Анас ибн Маликтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді» - десе, Жәбир ибн Абдуллаһтан жеткен хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір күнде жүз салауат айтатын болса, Алла оның жүз қажетін орындайды. Оның жетпіс қажетін Ақырет күні, ал отызын осы дүниеде орындайды» - дейді. Зейін қойып саралайтын болсақ, жүз сауап емес, жүз қажетімізді өтейді дейді. Бұл дүниеде де (отбасы бақыты, күнәларымыздың кешірілуі, амалдарымыздың дұрыстығы т.б), Ақыретте де (сұрақ-жауаптарымыздың жеңілдеуі, сират көпірдің сәттілігі, таразыда сауаптарымыздың басым келуі т.б) сансыз қажеттеріміз бар. Пендешілікпен біліп-білмей істеген қаншама қателіктерміз бар. Олай болса, жүрегімізде Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббат, тілімізде салауат, ісімізде сүннет амалдар болсын! Дәл бұл ай өзге айлардан да салауатты көп айтып, Алла елшісіне деген сағынышымызды басатын ай. Көзіміздің қарашығы, жүрегіміздің шапағатшысы, әлемдерге рахым етіп жіберілген Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың салауаты мен сәлемі болғай!
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы