Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің ұйымдастыруымен «Құран – мәңгі мұғжиза» атты Құран жарысы өтті.
Жарыс 30-пара мен жарты парадан өтті. Жарысқа ауыл мешіттерінде діни сауатын ашып жатқан шәкірттер қатысты.
Жарысқа төрелік жасауы үшін, арнайы шақыртылған «Хибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Таласбаев Есет, сондай-ақ, «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Жұмағұл Қанат және «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Сағымбаев Бақытбек қатысты.
Жарыс барысында Қанат Әділханұлы: «Алла Тағала: "Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі үндемеңдер, рақымдылыққа бөленесіңдер", – десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің», – деп өсиет қалдырған. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады», – деп, сөз бастап, жарысты ашып берді.
Аудан бойынша 19 жасөспірім бақтарын сынаған Құран жарысы нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен 2 аталым бойынша жеңіс тұғырынан көрінген жарыскерлердің тізімі төмендегідей:
30-парадан:
1-орын: Рахат Жақсыбекұлы (Аймантөбе ауылы). Жүлдесі – 35 000 теңге.
2-орын: Қали Дархан (Сарыкемер ауылы). Жүлдесі – 25 000 теңге.
3-орын: Адилов Жаслан (Сарыкемер ауылы). Жүлдесі – 15 000 теңге.
Жарты парадан:
1-орын: Бекнұр Ерболатұлы (Қостөбе ауылы). Жүлдесі – 30 000 теңге.
2-орын: Юсупов Елшібек (Сарыкемер ауылы). Жүлдесі – 20 000 теңге.
3-орын: Баймұханов Наурыз (Сарыкемер ауылы). Жүлдесі – 10 000 теңге.
Қалған қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.