Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Сарыбарақ ауылы «Темірбек баба» мешітінің жамағатымен кездесті.
Қанат Әділханұлы ауыл жамағатына: «Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 32-аятында: «Зинаға жақындамаңдар! Расында ол – азғындық және жаман жол», – деп айтқан.
Жаратушы иеміздің бұл аятта: «зинаны жасамаңдар» демей, «зинаға жақындамаңдар» деуі бұл істің ауыр күнә екендігін әрі мұсылман адамға зинаға апаратын барлық іс-әрекеттерден тыйылу керектігін білдіреді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Зинақор зина жасағанда иманды мүмин болмайды, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды мүмин болмайды, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды мүмин болмайды», – деп бұл күнәлардың, соның ішінде зина күнәсінің қаншалықты адамның иманына зиян тигізетінін тілге тиек етті», - деп жұма уағызын айтып, жамағатпен бірге жұма намазын оқыды.