"Кеңесхан қажы" мешітінің ұстаздары мен шәкірттерінің ұйытқы болуымен табиғат аясында демалыс ұйымдастырылды. Шараға 200-ге жуық қыз-келіншектер, апалар жиналып, бас қосу "Жасөркен" демалыс орталығында жоғары деңгейде өтті.
Зейнеп Үсенованың бастамасымен ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұстаздары қонаққа шақырылып, жамағат қала, аудан ұстаздарымен танысты. Ұстаздар кезекпе-кезек насихат айтып, айтылмай жүрген тақырыптар қозғалды. Құран оқылып, көпшілік рухани сусындады.
Түрлі ойындар ұйымдастырылып, әйелдер ат жарысы, спорттық сайыс, білім сайысы бойынша сынға түсті.
Таудың етегінде, жасыл орманда, судың жағасында қойылған самаурын шайы мен дұға жасап пісілген тағамнан ауыз тиіп, уағызға көмілген жамағат керемет кеш өткізгендерін жарыса жеткізді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі