Тұрар Рысқұлов ауданы Қызылшаруа ауылының орта мектеп оқушыларымен «Әсіре діншілдік» тақырыбында кездесу өтті. Бұл кездесуге «Отарымбет» мешітінің имамы Байқожаев Қалтай мен «Жусанбай» мешітінің имамы Құрақбаев Кенжебай қатысып, тақырып төңірегінде сөз қозғады. Сонымен қатар, кездесуде ауыл әкімі Алтай мырза мен мектеп мұғалімдері де болды.
Кенжебай имам кездесуде: «Құран Кәрімде: «Біз сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттық» (Хужурат сүресі,13-аят) дейді. Олай болса әрбір ұлттың өзінің салт-санасы болары хақ. Әбу Ханифа мазхабымызда да діннің қағидаларына қайшы түспейтін болса сол халықтың салт-дәстүрін дәлел ретінде алғандығы көп нәрсені аңғартады.
"Ел болған жерде әртүрлі түсініктердің болуы, әртүрлі сенімнің болуы қалыпты жағдай. Әлемде тек біртұтас ұлттан немесе бірыңғай конфессиядан құралған мемлекет жоқ. Қазіргі мемлекеттерге тән ұстаным немесе саясат әртүрлі этнос өкілдері мен конфессиялардың өзара құрметте, түсіністікте болуы басты мәселе. Елімізде де осы бағытта саясат жүргізіліп келеді. Дегенмен мемлекетті құраушы ұлт пен басым көпшілік ұстанатын діннің де өз кезегінде құқықтық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да басымдығының болуы да заңды дүние," - деп насихат айтты.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі