Күллі мұсылман асыға күткен айт мерекесі күні Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінде Ораза айт намазы оқылыды.
Ораза айт намазына жиналған жамағатқа әуелі аудан бас имамы «Ораза айттың маңыздылығы» тақырыбында уағыз – насихат айтты.
Қанат Әділханұлы: Құрметті жамағат! Сіздерді барша мұсылман асыға күткен Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмин пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла Тағала перiштелерге: «Уа, перiштелерiм! Адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн! Сендер куә болыңдар, оларды кешірдім!», – дейдi. Айт мерекесінде реңжіскен адамдар татуласып, сый-сыяпат көрсетуі мұсылманның міндеті», - деді.
Уағыздан кейін бас имам жамағатқа айт намазының тәртібін түсіндіріп, аудан халқымен бірге айт намазын оқыды.
Айт намазының соңында аудан бас имамы Қанат Әділханұлы отыз күн бойы бесін намазынан кейін түсірілген хатым Құран дұғасын жасап, ата-баба рухына бағыштап, ел амандығы үшін дұға тіледі.
Құлшылық аяқталған соң, ел-жұрт бір-бірін құттықтап, үй-үйді аралап, айттай бастады.
Байзақ аудандық мешітінің баспасөз қызметі