БІР ТҮН БАР МЫҢ АЙДАНДА ХАЙЫРЛЫ

БІР ТҮН БАР МЫҢ АЙДАНДА ХАЙЫРЛЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағала Қадір түнін басқа түндермен салыстырғанда ерекшелеп, оның дәрежесін көтерген. Бұл түнде Жаратушы Иенің пенделеріне берер сыйы да мол. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті, мұсылман қауымы Қадір түнін асыға күтіп, оны құр жіберіп алмауға әрі бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Мұсылмандардың Қадір түнін тағатсыздана күтуінің тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Себебі, Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады.

Алла тағала Құран Кәрімде бұл түн туралы былай дейді: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштелер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады».

Әбу Һурайрадан (р.а):  пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі»-, деген риуаят бар. Мың айдан да қайырлы Қадір түні сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнге түсіп тұр.Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, күндердің төресі - жұма, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. 

Қадір түні - бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем», “тағдыр” деген мағынаны білдіреді.

Қадір түні – ұлық және аса қасиетті кеш болып саналады. Бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Құран Кәрімде бұл турасында: «Қадір түні мың айдан да қайырлы», – деп баяндалады. «Қадір» сөзі «сығылысу, нығыздалу» мағынасын береді. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскенде жер жүзі тарлық етіп, олар сыймағандықтан бір-біріне сығылысады. Бұл жайлы Құранда:  «Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», (Қадір, 3) – деп баяндалады. Періштелер мүміндерді айнала қоршай Алла тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді. Бұл турасында Алла тағала Құран Кәрімде:  «Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады (Қадір, 5) – деп баяндайды. Қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға періштелер салауат айтып, оған бейбіт өмір тілейді. Таң ағарып атқанға дейін періштелер сәлеметі жер бетіне себезгілеп, мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахат орнайды. Сайд ибн Мансур келтірген риуаятта: «Бұл түн – бейбітшілік түні. Қадір түнінде шайтанның адамдарға жамандық жасауға қауқары жетпейді. Бұл түні барлық істер белгіленіп (тағдыр жазылады), ризықтар айырылады» деп хабарланған.Сол себепті бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар.

Қадір түнінің белгілері жайында пайғамбарымыз (с.ғ.с):  «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. Тағы бір риуаятта: «Қадір түні тұнық әрі жарық болып, айдың өзі бейне бір нұрға толы болады. Ол түн, суық та ыстық та емес, тыныш та жайлы болып, таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тыйым салынады. Бұл түннің тағы бір белгісі, таңертең күн сәулесі, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді» деп сипаттағаны риуаят етілген.  

Қадір түні кірместен бұрын  әрбір  адам дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс. Алла тағалаға зікір айтып, пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, тілек тілеп, дұға жасап, намаз оқу. Түнді барынша құлшылықпен, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен, таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасағандары абзал.Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Алла тағаланың мейірімі төгіліп тұрады. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өт­кізіп, отбасының амандығын, елдің тыныш­ты­ғын тілеп дұға жасайды.

Қадір түні оқылатын дұғалар Айша (р.а.) анамыз пайғамбарымыздан (с.ғ.с): “Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын” деп сұрағанда, Алла елшісі: “Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, менің күнәларымды кешіре гөр”, - деп дұға етуге кеңес берген.

Қадір кеші күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап таң ататын уақытқа дейін жалғасады.

Алла тағала  рамазан айының соңғы күндерін сауапты істермен өткізіп, берекесі мен қайыры мол Қадір түнінің шарапатын нәсіп еткей. Күллі мұсылман қауымының игі тілек-дұғасы мен тағат-ғибадатын қабыл еткей.

 Мухит Бердалиев 

Жамбыл облысы Байзақ аудандық 

«Байзақ баба» мешітінің найб имамы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: