Тұрар Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылдық мәдениет үйінде «Қорағаты» мешітінің имамы Нұрдәулет Байғожаев «Имандылық – рухани тәрбие негізі» тақырыбында уағыз-насихат жасады. Ауыл имамының уағыз - насихатына мектеп жастары мен мәдениет үйі қызметкерлері қатысты.
Нұрдәулет имам насихатында: «Адамгершілік тәрбиесі негізінде шыдамдылық, жомарттық, əдептілік, ізгіліктілік; адамдар арасындағы өзара сыйластық, өзара жəрдем жəне жолдастық, үлкенге сый, кішіге қамқорлық, əйел жəне ер арасындағы құрметтеу қатынасы; өзіндік тəртіптілік, өзіндік қадағалау, өзіндік басқарым, өзін өзі тану, өзін өзі реттеу қабілеттері қалыптасады. Əр адам өзі қалаған əдет қылықтарды ардақтау арқылы өз адамгершілігінің дамуына ықпал жасауы мүмкін.
Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Ата бабаларымыз баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер», «Жолын кесіп өтпе» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Халқымыздың осы ұлағатты сөздерін естіп өскен ұрпағымыз өз бойына адамгершіліктің, сыйластықтың нәрін сіңіріп өседі. Қазақ ауылы тәрбиенің тұнып тұрған ортасы десем артық айтпаған болар едім», - деп баяндады.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі