Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Дініміз бойынша да ағаш пен жеміс ағаштарын егу сауапты амал. Егілген жеміс ағашының жемістерін тек адам ғана емес, жәндіктер мен құстар да жесе, сауап болады.
Осындай сауапты істі жүзеге асыру мақсатында мешіт имамы Нұрлан Қалиевтың ұйытқы болуымен Шу ауданы "Рақыш ата" мешіті жамағаты 30 түп алма, 20 түп қайын, 10 түп катальпа ағашын отырғызды.
Ағаш кімде кімнің немесе қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, жемісін жеп, бір адам көлеңкесінде демалса, яғни кәдесіне асырса сауабы жазылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген екен. Бұдан артық ағаш егудің маңыздылығын жеткізу мүмкін емес шығар, сірә.
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі