ІЗГІЛІК ҚОҒАМЫ

ІЗГІЛІК ҚОҒАМЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

   Алла Тағала Құран Кәрімде «Сендер адамзат (игілігі) үшін шығарылған, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын әрі Аллаға иланатын ең қайырлы үммет (қоғам) болдыңдар», - деп, мұсылман қоғамының негізгі бағыт-бағдарын нақты айқындап берді.

    Демек, ізгілік қоғамы өзі жақсы болумен қатар, өзгені жақсылыққа бастауымен, жамандық атаулыдан сақтандыруымен әрі Жаратушыға деген бек сенімімен ерекшеленеді екен. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – қырық парыздың бірі. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», «Құдайдан қорықпағаннан қорық», - дейді бабалар сөзі.

Ізгіліктің ақ туын көтерген елде алдап соғу мен қулыққа жол жоқ, болмауға тиіс. «Бізді алдап соққан бізден емес», - дейді Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болғай).

Хакім Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол», - деген екен. Яғни, әулиені шетелден бұрын өзімізден өздеу керек. «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі - уәли», - дегендегі Қыдырымыз – Құран мен хадистегі Қыдыр ата болса, ал уәли, - деп отырғаны Құдайдың кез келген әулие құлы емес пе?!

      Еліміздегі неше-түрлі қулық-сұмдыққа баратындар өз әрекеттерін орыс халқының «Хочешь жить, умей вертется», - деген мақалымен ақтап алғысы келетін болар... Бәлкім, өздері бұл мақалды қате түсінсе керек... Бұл мақалдың негізгі мәнін орыс тілі әдебиетінің майталмандарына қалдыра отырып, бұл қысқа мақаланы өзіміздің қазақтың бір аталы сөзіне тоқталып, түйіндейін.

Қазақ не дейді? Қазақ: «Заманың түлкі болса, тазы боп шал», - дейді. Қазақ заманың түлкі болса, сен де түлкі бол, демейді. Түлкі ненің нышаны? Қулықтың нышаны емес пе?! Ал тазы ше? Жеті қазынаның бірі – тазы адалдықтың, еңбекқорлықтың, ептіліктің нышаны емес пе?! Олай болса, қазекем, әлгі мақал арқылы заманың қанша жерден қулық-сұмдыққа толы болса да, сен өзіңнің табанды еңбегіңмен, адалдығыңмен оза шауып, мақсат-мұратыңа адал жолмен жете біл, деп тұрғандай.

ЖҰМАҒҰЛ Қанат Әділханұлы

Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: