Әйелдің де ақысы бар

Әйелдің де ақысы бар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Бала күнімізде ақ жаулығы мен ақ кимешектері желбіреген аналар мен әжелерді көргенде олардың бойынан сондай бір сұлулық пен бекзаттықты, жылылық пен мейірімділікті көретін едік. Көшедегі бір әже сол ауылдағы бүкіл баланың әжесі, бір ана бүкіл баланың анасы сияқты болатын еді. Қазір қарап отырсам сол кісілердің бойындағы әжеге ғана, анаға ғана тән өзіндік әдеміліктері мен сұлулықтары қазақы тәрбиенің жемісі екен ғой деп ойлаймын. Ол кісілер үйдегі отағасының дәрежесін сондай биік деңгейге көтеріп қойғаны соншалық аталар мен әкелердің бетіне тік қарап сөйлеудің өзін тәрбиесіздік, көргенсіздік деп білетін еді. Ондайларға «тәйт әрі, үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без деген, үйіңде әке-шешең саған тәрбие бермеген ба?» деп тыйып тастайтын. Отбасы мүшелерінің әрқайсысының өз орны бар, әркім өз орнын біледі, сол өзінің орнына қарай бір-біріне бағынатын. Содан айналып келгенде қоғамда тәртіп болатын. Бостан-босқа дана халқымыз: «Әке – асқар тау, ана – етегіндегі бұлақ, бала – жағада өскен құрақ» деп айтпаса керек.

     Өткенге мұндай саяхат жасауымның өз себебі бар. Қазіргі күндері «әйел теңдігі», «еркек пен әйелдің айырмашылығы жоқ»... деген сияқты ұрандармен ұрандатамыз деп әйелдің өзіне ған тән, еркектің де өзіне ғана тән қасиеттерінен айырылып бара жатқанын көріп жүрміз. Жаратылыс тұрғысынан ер мен әйел Алла Тағаланың пендесі екенінде дау жоқ. Алайда екеуі бірін-бірі қайталайтын жаратылыс емес. Жаратушы иеміз қалағанын ер, қалағанын әйел қылып жаратты. Екеуінде көптеген айырмашылықтар бар екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Алла оларды жаратқанда әрқайсысын белгілі бір мақсаттарды орындау үшін жаратты. Мысалы ер адам қара күші көбірек, қаттылау болса, әйел адам керісінше әлсіздеу әрі жұмсақ жаратылыс. Ер адам қанша күшті болғанмен ана бола алмайды, ана болу қасиеті тек әйел адамға ғана бұйырған. Соның үшін де халқымызда «екі жарты қосылып бір бүтін болайық» деген сөз бар. Ер адам жалғыздықта өз мақсатын толық орындай алмағаны сияқты, әйел де жалғыз өз мақсатын толық орындай алмайды. Бұл екеуі бірін бірі толықтырмаса бір бүтін бола алмағаны осы емес па? Олай болса қазіргі кезде «әйел теңдігі» деп ұрандатып, әйелдерге теңдік әпереміз деп жүргенде қай теңдікті айтып жүрміз? Әйелдердің үстіндегі көйлегін шешіп, басындағы орамалды шешуді айтып жүрсек, бұл әйелдің әдемілігінен айыратын үрдіс. Бұл теңдікке емес кемдікке апаратын жол. Өйткені Жаратушы Жаббар иеміз әйелді өте сұлу етіп жаратқан. Сұлулықты көздің сұғынан қорғау мұсылмандық міндет. Қазақ «адам көркі шүберек» деп боқа айтпаған.  Сөзіміздің басындағы әжелер мен аналардың көркемдігі мен әдемілігін босқа айтқан жоқпын. Осы ұзын көйлек, басқа таққан ақ жаулық олардың дәрежесін, бір отбасының ғана анасы емес, елдің анасы деңгейіне көтеріп тұрған жоқ па? Ол кісілер Алланың бұйрығын орындағандары үшін, Алла Тағала да оларды құрметті етпеді ме?

     Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында батырлығымен, ділмарлығымен аты шыққан – Язид қызы Әсма деген әйел кісі болған екен. Содан әйел сахабалар Әсманы өз араларынан Алла елшісіне (с.а.с.) бір сұрақ қоюға жібереді. Әсма Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп былай деп сөз бастайды: «Ата-анам сенің жолыңда құрбан болсын уа, Алланың елшісі (с.а.с.)! Әйелдер мені сізге жіберді. Алла Тағала сізді қияметке шейінгі ер мен әйелге пайғамбар етіп жібергенінде күмән жоқ. Біз де Алла мен елшісіне (с.а.с.)  иман келтірдік. Уа, Алланың елшісі (с.а.с.)! Ерлер қауымы түздің адамы, біз үй шаруасымен айналысамыз. Тоғыз ай толғатып дүниеге бала әкелеміз, бала тәрбиелеп, отағасының да көңілін табуға тырысамыз. Сіздер сапарға шыққан кезде үйдегі бала-шаға мен мал-дүниеге де бас-көз боламыз. Ал сіздер болсаңыздар, жамағатпен жұма намазын оқып, жаназаға қатысасыздар, науқастарды зиярат етіп, ешбір кедергісіз қажылық жасайсыздар, ел басына күн туса Алла жолында майданға аттанасыздар, осылайша көптеген ізгі істер жасау арқылы сауапқа кенелесіздер, сөйтіп сауапқа кенелуде бізден озып тұрсыздар. Ендеше, біз де сіздер сияқты мол сауапқа кенелгіміз келеді. Оның қандай жолы бар» - дейді.

Сонда Пайғамбар (с.а.с.) былай деп жауап береді: «Сені осы жерге жіберген әйелдер қауымына айта бар, әйелдің күйеуімен жақсы қарым қатынас жасап, оған бойұсыну арқылы оның разылығын алуға тырысуы сауап тұрғысынан жаңағы айтқан ізгі істердің бәріне тең». Осы хадисті оқығанда қазақтың бұрынғы ақ жаулықты аналарының неге соншалықты қадір-қасиетінің жоғары болғанын түсінгендеймін. Ол кісілер Алла Тағала разы болатын істерді жасаған екен да, қоғамдағы өз орындарын ойып тұрып алған екен. Онда біз айтып жүрген теңдік осы емес па? Ислам діні әйел теңдігін алып берген. Оған дәлел ретінде жоғарыдағы хадисті айтсақ жеткілікті. Ер адамдардың түзде жүріп жасаған қыруар амалдарына тең келетін амалды әйел адам үйде отырып жасай алады. Олай болса «заман бұзыларда әуелі әйел бұзылады» деген бұрынғыдан қалған сөз бар екен. Әйелдер бұзылмасын, Алланың әмірлерін орындаған әйелден сұлу, одан еркін әйел жоқ. Сөз соңында ақын Тілеуке Құлекеұлының мына бір жақсы шумақтарын келтірсем дедім.

Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын,

Сол болар басқалардан жақын кісің.

Ағайынға, туысқа қайырылса,                             

Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің.

Ерге - аю, балаға – қасқыр  болса,

Ондай қатын алғанның күні құрсын.

 Ғалымжан Қонақбаев

«Сарысу аудандық» мешітінің Бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: