Тазалық - иманның жартысы

Тазалық - иманның жартысы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Асыл дініміз тазалыққа негізделген дін. Өйткені, мұсылманның құлшылығы ең әуелі өзін таза ұстаудан басталады. Адамзат баласының арманы жәннәттың кілті намаз болса, намаздың кілті – тазалық болып табылады.

Алла елшісі (с.а.у): «Тазалық иманның жартысы»- деп ескерткен. Мұсылманның ең абзал құлшылығы намаз екені белгілі. Сол намаздың дұрыс болуы үшін, денеміз, киіміміз және намаз оқитын жеріміз таза болуы шарт. Егер, осы аталған үшеуінің бірі таза болмаса намазымыз да дұрыс болмайды. Намазымыздың өзі қабыл болуы бейғабыл. Сондықтан да, мұсылман адам үшін ең маңызды амал – тазалық болуы керек.

Ардақты Елші (с.а.у): «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қандай да бір ыдысқа қолын жүгіртпестен бұрын қолын жусын. Өйткені, қолын түнімен қайда ұстағанын білмейді» - деген хадисі де өзекті болып саналады.

Киіп жүрген киімдеріміздің әрдайым таза болуы шарт. Ол да асыл дініміз құп көрген амалдардан болады. Киімінің тазалығына мән бермейтін адамды көргенде Алла елшісінің (с.а.у): «Мына кісі киімін жуатын ештеңе таба алмаған ба?!», - деп реніш білдіруі киім тазалығының маңыздылығын көрсетеді. Жаратушы Ұлы Раббымызға құлшылық жасау үшін таза киім кию құлшылықтың құнарын арттырып, біздердің Ұлы  Иемізге жақындай түсуімізге септігін тигізеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Алла Тағала – жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла Тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Сондықтан, үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар» – деп бұйырды. Сол үшін де, біз Жаратушы Алланың  жақсы көрген құлдарының қатарынан болғымыз келсе қоршаған ортамыздың тазалығына аса мән беруіміз керек.

Ислам дінінде тазалық ұғымы адамның денесіндегі, киіміндегі және құлшылық жасайтын жеріндегі лас, нәжіс нәрселерден тазаруымен қатар, жүректегі лас нәрселерден, яғни күнәлардан да таза болуды білдіреді. Себебі сыртқы тазалық пен ішкі тазалық бір-бірімен үйлескенде ғана адам баласының құлшылығы қабыл болатынын ұғынуымыз қажет.

Алла елшісі Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у): «Адам баласының денесінде бір ет бар, ол жақсы болса бүкіл дене жақсы болады. Ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар! Ол  жүрек», – деген хадисі бәрімізге аян.  Ата-бабаларымыздың жан дүние тазалығына қатты мән бергенін: «тіл мұсылман не керек, діл мұсылман болмаса»,- деген ұлағатты сөздерінен анық байқауға болады.

Алла Тағала баршамызды өзінің таза әрі шынайы ықыласты құлдарының қатарынан болуымызды нәсіп етсін. Жаратушы Иемізден бізді салақтықтан, ластықтан, жүрегіміздің кір болуынан сақтасын деп тілейміз.

 Омар Асқарбек,

"Әбдібай ата" мешітінің имамы 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: