Алғашқы ғалымдар - мұсылмандар

Алғашқы ғалымдар - мұсылмандар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімде білімнің артықшылығы жайында "Зүмәр" сүресінің 9 аятында біздерге былай баяндайды: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!»

Аталмыш аяттың мағынасын тәпсірші ғалымдарымыз Жаратушымыз ілім ізденген және алған ілімдеріне амал еткен мүміндерінің дәрежелерін басқалардан жоғары етеді деп түсіндіреді. Демек, Алланы тану үшін де білімнің қажет екендігін аңғарамыз.

Білім жайында Құран Кәрімнің 670 жерінде келтіріліп өткен. Кезекті мақаламызда Ислам тарихындағы алғашқы мұсылман ғалымдарының білім арқылы дінге қосқан өз үлестері, әрі ашқан жаңалықтары жөнінде айтып өткенді жөн көрдік.

Ислам діні әуелгі ғасырларда тарала бастаған кезеңдерде мұсылмандар да өзара бірлесіп, ілім алмасып, интелектуалды ізденістер жасау жолында өз қажыр-қайраттарын ортаға салумен болған. Мешіттерде бас қосып, құлшылықтарын орындап, және де ол жерде тек мұнымен ғана шектелмей, діни, пәлсафалық және ғылыми пәндерді (тарих, медицина, этнография, химия, математика т.б.) де жетік меңгеруді қолға алды. Өздерінің кітапханалары барша қауым үшін ашық болған. Ислам ғұламалары өздерінің ғылыми ізденістерінің арқасында көптеген жаңалықтар ашты. Солардың нәтижесінде философия, математика, астрономия және гегорафия ғылымдары дамыды.

Мұсылмандар ерте ғасырларда ғылымның қай салаларына өз үлестерін қосқандығын білеміз бе?

Шамамыз келгенше соларды тізбектеп көрелік:

Әбу Насыр әл-Фараби (873-950). Отырарда туылған, бастапқы білім жолын Шаш, Бұхара, Самарқандта алған соң Бағдадта көп тұрған. Өз заманының ғалымдарымен әркез ғылым ізденісінде болған. Өз замандастары "Шығыстың Аристотелі" деп те атаған. Түрлі ғылыми салада 160-тан астам еңбектер жазған.

Мұхаммед әл-Хорезми. (783-850). Ол арифметика мен алгебра пәні айналасында «Әл-китәб әл-мұхтасар фи хисаб әл-жабр уа әл-муқәбәлә» (толтыру және қарама-қарсы қою) атты туындысын келтірген. "Хинд арифметикасы жайындағы кітап" атты еңбегінің нәтижесінен әуелі Шығыс елі, сосын Батыс елі де білімдерін шыңдаған. География мен астрономия салаларына арнап "Китәб сурәт әл-арз" (Жердің суреті), "Астрономик кестесі" атты еңбектері арқылы автордың аты жаһан жұртқа таралды. Және де "Күн сағаттары туралы рисәләсы" атты кітабы және бұлардан да басқа көптеген еңбектері шартарапқа танымал болды.

Мұхаммед ибн Жәбир Синән әл-Бәттани тригонометрия ғылымының негізін қалаған тұлға еді.

Ибн әл-Хәйсам болса оптика физика іліміне негіз қойған. XI ғасырда өмір сүрген бұл ғалым адамның көз жанарының көру қабілеті жайындағы біраз ескіше түсініктерді жаңалады. Тіпті бұл тұлғаны "оптиканың әкесі" деп атап кеткен.

Ибн Сина медицина ғылымының биік шыңына ғана жете қоймай, гелология пәнін де бағындырған еді. Оның "Медицина заңдары" атты кітабы әлемге кеңінен танымал. Леонардо да Винчи, Микеланжело, Френсис Бекон және сол сияқты басқа да көптеген ғалымдар Ибн Синаның еңбектерін оқып, келтірген түрлі дәлелдеріне таң қалысқан.

Ал, енді Әбулқасым әз-Зәһрәуидің есімі болса, Еуропадағы ота жасау ғылымында өзіндік орын алған ғалым болып қала берді. Қала берсе скалпель, пышақ, қайшы мен ине де осы тұлғаның ойлап шығарған еңбектерінен деседі.

Әл-Идриси алғаш рет жердің домалақ тәрізде, шар үлгісінде екендігін дәлелдеген ғалым болып қала бергені айтпаса да түсінікті.

 Ибн Байтор жоғарғы биолог ғалым болған болса, химия саласы жайлы сөз етілген кезде ең әуелі Жәбир ибн Хәян еске түседі.

Ибн Халдун экономика пәнінің негізін салған ғалым.

Сондай-ақ, Қажы Халифа өзінің "Кәшфуз-зунун" атты кітабында ота жасау, анатомия, астрономия, биология, фармацевтика сияқты 240-тан астам бір-бірін қайталамайтын ілім салалары түрлерін баяндаған.

Әбу Райхан Беруни (973-1048). Хорезмде дүниеге келген бұл ғалым медицина, этнография, филология, философия, метеорология т.б. салаларға қатысты 150-ден астам еңбектер жазған. Беруни орта ғасырда бірінші болып глобусты ойлап шығарған ғалым. Ол араб, парсы, үнді және түркі тілдерін өте жақсы білген. Оның "Фармоканазия", "Геодезия", "Минерология" еңбектері өзбек және орыс тіліне де аударылған. Беруни Ибн Синамен замандас болған.

  Бұлардан бөлек Игүнеки, Рудаки, Яссауи, Бақырғани т.б. шоқтығы биік тұлғаларымыздың да ерекше өз орындарымен тарихымыздан орын алды.

Ғалымдарымыздың ойлап шығарған жаңалықтарының нәтижесінде Ұлы Жібек жолынан бастап, (қытай, үндістан, орта азия, таяу шығыс) сонау Жерорта теңізіне дейінгі аралықтарда сауда-саттық істері де қатты дамыды. Сол дәуірдегі транспорт артериялары, қағаз, шыны бұйымдары, агротехнологиялардың түр-түрлері т.б. бір-бірлеріне жеткізіліп, жаңартылып отырды.

Жалпы айтқанда, ғалымдарымыздың ойлап тапқан түрлі ғылыми жаңалықтары (медицина, архитектура, тәлім-тәрбие, мәдениет т.б.) Шығыс пен Батыс елдерінің дамуларына үлкен үлестерін қосқан.

Аталмыш мұсылман ғалымдары жоғарыдағы келтірілген ілімдердің баршасын Құран, хадис, фиқһ және мирас ілімдерінен бөлек үйренген.

Мұсылман ғалымдарының үлкен ізденістерінің арқасында аталмыш ғылым түрлері кейінгілерге мұра болып қалды. Ғылымның бастау алуына, дамуына сонау ерте ғасырдағы өмір сүрген дін ғұламаларымыздың еңбектері орасан зор екендігін жеткізу бір ғана мақалаға сыйдыру еш мүмкін емес.

Ең алғашқы қағаз шығаратын зауыт Бағдатта (784ж) салынған. Оның салынуына ұйытқан болған Ибн Фазыл еді. (Харун әр-Рашидтің уәзірінің ұлы). Дәл осындай өндіріс орны (фабрика) Египет елінде (800ж)

және Андалусияда (950ж оңт.Испания)) да салынды. Ал енді Еуропада мұндай фабрикалар кейінірек салынды, айтар болсақ; Византияда 1100 ж, Сицилияда 1102 ж, Германияда 1228 ж, Англияда 1309 ж.

Маркиз Дафферин өзінің бір сөзінде: "Еуропа елі ғылыми даму жолында мұсылмандар алдында олардың әдебиеті мен өнеріне, ғылымына қарыздар....", деген екен.

Қорыта айтқанда, ерте дәуірде Ислам мемлекеттерінің барлық ірі қалаларында астрономиялық, физикалық және метеорологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми мекемемелер (обсерваториялар) пайда болды әрі жұмыс істеп тұрды. Ол жерде мұсылман ғалымдары жүздеген жылдар бойы құпия болған ғылыми жаңалықтар ашты.

 Құрметті оқырман! Қазіргі заман білімнің заманы болып тұрғаны айдан анық. Сол үшін де ертеңгі өскелең ұрпақтарымызға беріп отырған тәлім-тәрбиемізге қоса, оларды біліммен де терең сусындаруды басты назарда ұстанғанымыз жөн. Ұлт пен тіл мәселесі кеңінен ұрандатылып жатқан мына заманда болашақ ұрпақтың білімді болуы жолын да бір сәт ойлануымыз керек. Сепкен дақыл ерте ма, кеш па өніп шыққаны секілді ұрпақтарымыздың да алған білімдері жанданып, болашақтары жарқын болатыны сөзсіз.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Т. Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: