Аға бордан, іні зордан

Аға бордан, іні зордан

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тіршіліктегі үйлесімділік  Алланың шебер жаратушы екендігін білдіреді. Еш нәрсе бостан босқа шашылып жатқан жоқ. Бәрінің өз қызметі бар. Бейне бір табиғатты жинақы үйге ұқсатамыз. Адамзат бұл үйдің құрметті қонағы. Алла, - «Орынбасарым ғой - деп, адамды төрге шығарған. Не ішсенде не істесен де менім заңдылықтарымды бұзба, адамдық қадір қасиеттерінді жоғалтпа, реттеп қойған дүниенің берекесін қашырма дегендей. Бірақ адам  Алла айтқанына көне бермейді. Жиналып тұрған жүкті жығады. Шашады бүтін тұрған нәрселерді бүлдіреді. Яғни қан төгеді, араздасады, бұзғыншылық қылады. Жер бетіне келген күні ақ Адам атаның ұлдары Әбіл мен Қабыл араздасып, Қабыл Әбілдің қанын төкті емес пе? Жер бетіне ол кезде сыйыспай жатқан ел жоқ. Бітіспей жатқан шеп жоқ. Бір-бірінің тілін түсінбей шекісіп жатқан ер жоқ. Бір ананың құрсағынан туған бауырлар бірі-бірімен не үшін келісе алмады. Бұл сұрақтың жауабы бүгінгі күнге дейін маңызды.

Адамзаттың  тарихында тыныш мамыражай сүрген өмірі өте аз. Ес білгелі үнемі бірі-бірімен қақтығысып соғысып келеді. Бүгін ғылым дамыды, ес жиды дегеннің өзінде сол жабайы тағы мінездерінен әлі арыламай келеді. Керісінше, күн өткен сайын бірін бірі қырып жоятын жойқын қарулар жасап жарысу үстінде. Бұл ессіздікті кім тоқтатады? 

 Жер бетін топаланын шығарғаннан кейін Алла үнемі оны жинап орнына қоятын Пайғамбарлар жіберіп отырған. Солардың ең соңғысы асыл пайғамбарымыз  Мұхаммад  (Алланың оған сәлемі болсын) еді. Ол сол түнекті сейілтіп, түнді кетірді. Қақтығыстарды қарапайым қағидалармен шешті. Жоққа жәрдем әлсізге демеу адасқанға ақылшы қиналғанға қолдау көрсетті. Оның қарапайым сүннеті бүгінгі күннің ауыр проблемаларын оп-оңай шешеді. Әлбетте, біз оған амал етсек, психологиялық ауытқулар күйзелістер, жеке басындағы  шиеліністер, ел арасындағы қақтығыстар өздігінен шешілер еді.

  Бір ғажабы бұл сүннеттер қазақ халқына жат емес. Ұлттық сана дәстүрде бұл сүннеттердің жарқыншағы үнемі жарқырап көрініп тұрады. Соның бірі қазақтың ең орныққан, маңызды қағидасының бірі  – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы бір ауыз сөзбен, яғни Пайғамбар сүннетімен сіңіріп отыр емес пе? Үлкенді аға кішіні інім десем қоғам өзінен өзі түзелмей ме? Мінезі бар кісінің кегі де өші де болады. Оны отқа айналдырмай уақтысында шешіліп отырса, өшпенділік бықсып барып өшіп тынар еді. Іні иілмесе де аға ашуын ақылға беріп сенікі жөн десе де дауда жаулық та тоқтайды.

Оны Төле Би бабамыздың тілімен айтсақ: "Аға-іні үнемі араздасып тұрады. Бірақ аға бордан іні зордан тұрады. Бордың атасы тас, анасы құм. Тас мүжіледі құм үгітіледі. Сол үшін де іні кесірлі болса да аға кешірімді болуы керек" - деп түйіндесек болады. Әсілі, дінімізде де үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Расында, дінімізде Алла Тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Алла разылығы үшін деп істелген әрбір игі іспен жүзеге асады. Ислам дінінің кереметтілігі міне, осыда жатыр.

 Ата дәстүрде Исламның осы кереметі санаға дарып, қанға сіңіп кеткен. Көргенді өнегелі отбасылар өмірлік үрдісіне айналдырған. Кішілердің үлкенге құрметі өмірдің әр алуан кездерінде әр түрлі формада жүзеге асқан еді. Жасы кішінің  үлкеннің жолын кеспеуі, оларға әрдайым сіз деп сөйлеуі, тіл қайтармай, айтқанын бұлжытпай орындауы тағы басқа осы сияқты қазақтың танымы жеткілікті. «Сен демек қиын емес пе, бұрынғы туған үлкенге?!» деп Шортанбай Қанайұлы айтқандай атам қазақ басқа қарсылықтарды былай қойғанда, үлкенге тек «сен» деп сөйлеудің өзін өте оғаш санаған. Үлкен кіші ортасындағы сыйластық кішінің қолға су құюынан басталған. Қарияның қолына су құйып, сарқытынан береке күткен, батасымен өскенін сезінген азамат қарияны  пір тұтатын. Өсиет өнегесінен өмір жолын табушы еді. Еңгезердей ел тентегін шынашақтай қария жөнге салып жатуыда күшпен емес осы сыйластықтың негізі еді.

  Әлбетте, өкініштісі бұл айтылған құндылықтар күні кеше бар болса да сейіліп бара жатқан сияқты. Кейбір өңірлерде мүлде жоғалғандай... Зиялы ел ағаларын өз ағаларын «аға», «көке» «жәке» деп сөйлейтін, оның сөзіне тоқтайтын жас буын ұрпақтар азайып бара жатыр. Орысшалап атын атап түсін түстеп, кеудесінен қағып, тіпті сөгіп ұрып кететіндер ел ішінен табылып жатыр. Шынболат ақынның: "Бір қария бір ауылды билеуші еді, қазір қалдық бір келіннен аса алмай" - деп айтқан шындығы шыңға шығып тұр.

Мұның бәрі тәрбиенің сұйылғандығыма әлде заманның құбылғандығы ма белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық. Ол иманымыздың әлсіреп, асыл Пайғамбарымыздан  ажырағандығымыз. Ертеде  Қаз дауысты Қазыбек арқадан Тәшкент қаласына ағасы Төле бидің іздеп келген дейді. Сол заманда арасы екі-үш мың шақырым жерді атпен кесіп өту бір-екі айлық жол еді. Ұшақ емес, көлік емес поезд  емес, жаяу жалқы жүрген. Осыған Төле Би бабамыз:

Іздеп келер інің болса

Бақытын барын содан біл

Ансап жүрер аған болса

Аруағын барын содан біл – деп, Қазыбек бабамызға разы болған екен. Кетерінде үлкенді үлгі тұтпас, кішіні кісі тұтпас бауырдан безген безбүйрек тірліктен қайтарып батасын берсе керек-ті.

Осының бәрін біліп бермегеннен без

Елден қашып келмегеннен без

Үйінен қонақ қонбағаннан без

Елдің айтқанына болмағаннан без - деген.

Сөзді қорыта келгенде, асыл дініміз бен салиқалы салтымыздың жас буынға қояр ең басты талаптарының бірі – жасы үлкенді ізет тұту. Ендеше, өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір жастың Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі болсын) «Егер араларыңда еңкейген қарттар болмағанда, (істеген күнәларыңның кесірінен) бастарыңа толассыз бәле жауар еді», – деген хадисінің мәнін түсініп, көкейіне түйіп алғаны һәм соған қарай әрекет еткені жөн. Бауыржан Момышұлы атамыз «Қарт адам - ұзақ сапар шегіп, тоналып қалған жолаушы сияқты» - деген. Қарияларымызға сый-құрметімізді аямайық, әр сөзінен ғибрат ала білейік. Кәріліктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні мен мәні бар. Жас күнде байқары болмаған қартайғанда айтары болмайды деген халқымыз. Шүбәсіз, Алла Тағала үлкендердің алдында ізеттіліктен айнымаған жас құлын қартайғанда елге сыйлы етеді. Ал, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп білмеген жасты қартайғанда ел-жұртқа сүйкімсіз қылады. Майлықожа ақын осынау ақиқаты мына бір жыр жолдарымен шебер жеткізе білген:

Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар.

Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар.

Жақсы қария белгісі жанып тұрған шоқ болар.

Жаман қария белгісі қайраңдап қалған сал болар».

   Демек, жақсы мен жаман болу өзіміздің еншімізде екен. Алла Құранда: "Саған өмір сүрген сайын бергенімді кемітіп жатырмын ойланбайсын ба?"-деп ақыл тоқтауы бекер болмаса керек. Әрбір жас саналы ғұмырын  шүкірлікте өткізу керек. Алла заңдылықтарын бұзбауы тиіс. Бүгінгі тасыған күшін асқақтаған атағын дүбірлеген дәулетін ертең сарқылады. Күні ертең ақ көзі дұрыс көрмейтін қозғалысы қиындаған қаусаған қарияға айналасын. Қартайған ата-анана зекіп сөйлеме. Сен де сол күйге түсесін. Бұл сөз қолында мансабы бар, қайраты бар болса да қартайған атасын не анасын қарттар үйіне өткізген сормаңдай ұл қыздарға да тиесілі. Әжелеріміз – «Дүниенің қысасы ахиретте кетпейді» - деп отырушы еді. Үлкенге істелген зәбір басына айналып келмей адам көресінің көрмей көрге кірмейді. Алланың әділдігі де осы жерде. Бүгінде тасмейір ұрпақ таңсық емес. Мансабы бар кісіні төрге шығарып, қарияны кесір көрген. Не көлікте орын бермеген...

  Асыл Пайғамбар бекерден бекер үлкенге құрмет жасамаған менім үмметім емес деп бас тартып отырған жоқ. Ол адамгершіліктің жұрдай, күпірліктің құзына құлаған құнсыз жан... Алла алдына барғанда араша түсуші Пайғамбар да бізден жериді екен. Сол үшін Мұхаммад (Алланың оған сәлемі болсын) шын үмметі болуымыз үшін қарияға құрмет қылуымыз керек екен. Ол кісінің қалай қартаюы маңызды емес. Ата дәстүрге сәйкес көргендінің тірлігін жасайық қадірлі қауым.

Алмас Рысханұлы

"Әл-Фирдаус" мешітінің имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: