Ислам және ізгі қоғам

Ислам және ізгі қоғам

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     «Бұл әлемде барлық нәрсе жұп-жұбымен жаратылған», - деп айтқанымызбен көбіне бұл сөзге терең үңіле бермейтініміз де ақиқат. Басымызға бір қиындық келсе артынша жақсылық келеді, қайғыдан соң қуаныш, қараңғы түнектен кейін жарқырап күн келеді. Қар мен мұздың құрсауында қалған өлі жер де көктем келісімен қайта тіріліп, қайта түлеп, түрлі түстермен көмкеріліп тіпті кеше ғана өлі кейіпте болмағандай әсер қалдыратынын жыл сайын көріп те жүрміз. Бұны айтып отырған себебіміз адамзаттың тарихы да осылай бірде қараңғы түнекте қалса, бірде жарқырап нұр шашқан кезеңдерді бастан кешіруде.

     Осыдан отыз жылдан аса уақыт бұрын елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, өзіміздің Муфтияттың ашылуы да осындай тарихи бір кезеңнің бастауы болды деп бүгін сеніммен айта аламыз. Бүгінгі күні Муфтиятқа қатысты әртүрлі сын пікірлер көп айтылатын болып жүр. Ол да жақсылықтың белгісі шығар деп ойлаймыз. Өйткені жұмыс жоқ болса сын да болмайды. Демек сын пікірлердің көбейуі жұмыстың да артқанын көрсетеді десек қате болмас. Бірақ менің айтпағым сынаушылар жайында емес.

     Сонау елімізде жаңадан Муфтият құрылып жатқан уақыттағы қарапайым мұсылмандардың сол уақыттағы көңіл күйін есіме алып, көз алдымнан бір өткізіп көрдім. Ерекше сурет келді көз алдыма. Дәл сол күндері бәлкім мен бұндай керемет көріністерге мән бермеген шығармын. Уақыттың өтуімен ол күндер ауызыңнан дәмі кетпейтін тәтті күндерге, сағынышты сәттерге айналған екен. Есімде, әсіресе ауылдардағы ағайынның құлшынысы. Ә, дегенде ауылдарда мешіт салатын мүмкіндік жоқ. Қарапайым халық ұйымдасып, әр ауылдан белсенді кісілер шығып, үлкен істі қолға алған болатын. Аудан жұртшылығы асарлатып, аудан орталығынан мешіт құрылысын бастауға келіскен еді. Менің бір тәнті болатыным, сол кездегі халықтың әлеуметтік жағдайы бүгінгіден әлдеқайда төмен болатын. Бірақ ұйымшылдығы, жанқиярлығы ол кісілердің, керемет! Айырылғанымен қайта қауышқан, қимасын қайта тапқан, енді сол қимасынан айырылып қалмас үшін неге болса да шыдап беруге бел байлаған көзсіз ғашықтың бейнесін көремін сол адамдардан. Өйткені шеттей бала-шағаның ішіп-жемін, киер киімін тауып берудің өзі мұң болған уақыттар еді ол күндер. Соған қарамастан ұйымдасып, барларын ортаға салып, біреу ауласынан ағаш кессе, енді бірі қорасындағы бес-алты тұяқтың бірін қосып, енді бірі қол күшімен жәрдем беріп. Қойшы, сол ауданда қанша ауылдар бар, сол ауылдарда қанша отбасы болса солардың барлығы өз үлестерін қосып аудан орталығынан кең, зәулім мешіт тұрғызған болатын. Осы мешіт салынып біткенде бүкіл аудан халқы жиналып ас берді. Біраз жылдар аудан халқы орталық мешітте намаз оқыды. Кейін ауылдарда мешіттер ашыла бастады. Бастапқыда «колхоз», «совхоздардың» ескі ғимараттарын мешіт қылып алды. Бұл мешіттерде үлкен кісілер молдалық қылып,соңдарынан ауыл халқын жақсы ерте білді. Өмірдің шындығына қарайтын болсақ ол кезде діни сауатты мамандар жоқтың қасы еді. Соған қарамастан шөліркеген жұртшылық өз араларынан «әлхамды» білетін бір адамды таңдап, соған ұйуға келісіп, молда сайлап алатын. Ол уақытта мешіттерге қариялар көп баратын еді. Аталар басына тақиясын, үстіне шапанын киіп, апалар кимешектерін киіп, күндігін орап жұма намазға бара жатады. Сүйсінесің! Жұма күні ауылда мереке екені көрініп тұрады ғой шіркін! Қариялардың  бәрі әдемі киімдерін киіп, көшеде мешітке қарай бет түзеп кетіп бара жатқан көрінісі бүгінгідей көз алдымда.

     Уақыт өте көп нәрсе өзгерді. Сол кездегі мешіттердің сәні болған аталар мен апалардың көбі бүгін жоқ. Алла ол кісілерді мейіріміне бөлесін. Жатқан жерлері кең әрі жарық босын. Жәннәт тұрғындарынан болуды нәсіп етсін. Қазір құдайға шүкір әр ауылда дерлік мешіттер бар. Қалаларда неше түрлі, бірінен бірі әсем құлшылық орындары салынып, халық игілігіне жарап тұр. Елімізде үлкен оқу орындары ашылды. Медресе – колледждер, қарилық орталықтар есігін айқара ашты. Мешіттердің жанынан ашылған сауат ашу курстары да белсенді жұмыс жасауда. Демек елімізде діни салада жұмыс жасалуда. Ауыл – ауылдағы мешіттерде, қалалардағы мешіттерде қанша-қанша рухани, әлеуметтік мұқтаждықтағы адамдар көмек алуда. Қаншама баспанасыз кісілердің баспаналы болуына осы мешіттер себеп болуда. Осының барлығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан істері, Алланың жәрдемімен, әрине. Өйткені еліміздегі мешіттердің барлығы осы діни бірлестіктің филиалдары. Кемшіліксіз адам жоқ. Әрине кейбір жекелеген дін қызметшісі тарапынан қателіктер кетуі әбден мүмкін. Бірақ соған қарап басқа жасалып жатқан қыруар істерді жоққа шығару да әділетсіздік болар.

     Әділдік үшін біздің елімізде Муфтияттың болмағанын, оның кейін құрылғанын естен шығармауымыз керек. Яғни, маман тапшылығы, діни әдебиет тапшылығы, оқулықтар тапшылығы бүгін де бар мәселе. Оны шешу үшін Муфтияттың атқарып жатқан шаруасы қыруар. Осы аз уақыт ішінде жоғары, орта діни оқу орындарының жұмыс істей бастауы биік мақсаттарға алып баратын сатының алғашқы баспалдақтары деп түсінгеніміз абзал. Мешіттер халыққа дінді насихаттау барысында білімге, ауызбірлікке, ынтымаққа, қоғамның тыныштығына баса назар аударуда. Жақында ғана Муфти хазрет өзінің бағдарлық баяндамасында бірнеше маңызды мақсаттарды айқындап өтті. «Ғылыми - зерттеу орталығын» ашу өте өзекті мәселе. Өйткені кез келген іске ғылыми – зерттеулер арқылы ғана тереңдей аламыз. Ғылыммен айналысқан кезде жабық есіктер ашылады. Шешілмей тұрған түйіндер шешіледі. «Білімді ұрпақ» жобасы маман тапшылығын шешу үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті. Медреселерде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу арқылы болашақ мамандар бойында ұлтжандылық қасиетті қалыптастыра аламыз. «Муфтият жатақханалары» жобасы қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да жастарымызға зор көмек болар деген үміттеміз. Муфти хазреттің барлық сөзін қайталап шығуды мақсат етіп отырған жоқпын. Дегенмен, «сын түзелмей мін түзелмейді» деген қазақпыз ғой. Бірақ орынсыз айтылмаса екен дегім келеді. Жасалып жатқан жақсы істерді де бағалай білу адамдық қасиет деп ойлаймын. Жоғарыдағы сонау қайта құру кезеңінен бері тәй-тәй басқан сәбидей жоғалтқанымызға табысып, өшкеніміз жанып, айымыз оңынан туған кезеңдегі ата, апаларымыздың көңіл-күйін босқа есіме алған жоқпын. Қаншама жылдар бодандықта, дінсіз қоғамда өмір сүрген ол кісілер Алланың бұл сыйлығының бағасын өте жақсы білетін еді. Сол жақсылықты біз де бағалай білсек, жаратқанға шүкірімізді ұмытпасақ, әділдік пен ізгілікке негізделген қоғам құруға жұдырықтай жұмыла білсек деген ниетпен еске алынып отырған дүние еді ағайын.  Биылғы жылды Муфтият «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялап отыр. Осы ізгі қоғамды құру жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір денедей ынтымақтасып еңбек етуге нәсіп етсін!   

     Сөз соңында айтарым осы мақалада жер атауларын, нақты тұғаларды атамадым. Себебі бұндай оқиғалар сол уақытта еліміздің барлық жерінде осылай өрбіген шығар деген ойға келдім. Әркім өз ауылын, өз аталары мен әжелерін көз алдына елестетер деген үміт болды

Ғалымжан Қонақбаев

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: