Білімді ұрпақ - ізгіліктің дәні

Білімді ұрпақ - ізгіліктің дәні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Білім адам бойына біткен ең мықты қару. Білім бұл үлкен қазына. Білім бұл Алла тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Адам баласы осы дүниеде жан-жақты ізденісте болуы керек. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Мейрімі шексіз Алла тағала, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с):

«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» -деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп «Алақ» сүресінде айтылды.

Осы аят арқылы Алла тағала адам баласы білім алуы парыз екенін баяндайды. Тіпті мәшһүр хадистерде парыздығы жайлы айтылған:

«Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» деген.

Зүбәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар». Осы нәрселерге мән беріп қарасақ исламда білім алудың маңыздылығы жайында айтылған.

Білім бұл таусылмайтын бұлақтай ғасырдан - ғасырға, ұрпақтан - ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Білім алудың маңыздылығын ата ана өз балаларына түсіндіруі қажет. Білім алудың артықшылығын оның беретін пайда жемісі жайлы айтуы міндет болып табылады. Бірақ қазіргі таңда көптеген ата-аналар өз балаларына өмірлік құндылықтарды, білім алу жайында айтылмай жатқанын байқаймыз. Соның зардабы балаларымызға тиюді. Себебі қазір көп балалар ғаламтор желісіне алданып өз денсулықтарымен уақыттарын пайдасыз нәрселерге жұмсауда. Егер осы нәрсені өз қолымызға алмасақ келешек ұрпаққа зияны тиітіні сөзсіз. Себебі қазір дамыған заман барлық мүмкіншілік бар ғаламторларда кез келген ғылым-білім бар. Бірақ жас ұрпақ оны ажырата біле ала ма, осы сұрақ көптеген адамдардың ойын мазалауда.

Ыбырай  Алтынсариннің   «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай.

Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат – міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл - парасаты мол, мәдени - ғылыми өресі озық азамат тәрбиелеу. Бұл біздің қоғам алдындағы борышымыз. Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән.

Ұлы Абайдың: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» - деген сөздері бүгінгі күні ұрпақтың әлемдік ғылыммен прогресс заңдылықтарына сәйкес бәсекеге қабілетті болып қалыптастыру үрдісінде де өзекті болып отыр.

Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Ислам дінінің негізгі мақсат мұраты- білім бұлағынан өз ұрпақтарын сусындандыру. Ислам дінінің білімге деген ерекше мән беруінің өзі бір хикмет болып табылады. Себебі құранның ең алғашқы аяты да «Жаратқан раббыңның атымен оқы», -деп келген. Білім тек адам баласының ақылға ғана емес көркем мінезге жетелейтін бір бағыт. Бұл туралы ата-бабаларымызда: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады», - деген ұлы ақын Абай Құнанбайұлының сөзі барлық уақытта өз мәнін жоймайтындығы белгілі.

Талғат Сматов 

"Құлбай баба" мешітінің имамы

ASYLDIN.KZ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: