Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің жамағаты өзінің алма бағынан Алла Тағаланың парыз еткен ұшырын ҚМДБ-ға қарасты медреселерге таратты.
Кәсіпкер ағамыз жыл басынан бері арнайы Алла Тағаланың разылығы үшін жеміс бақшасынан екі қатарды ұшырға ниеттеп қойғанын айтып, сол бөлінген жемісті терісуге және оларды медреседе білім алып жатқан шәкірттерге жеткізуге Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы мен мешіт жамағатына қайырылып, көмек қолдарын созуды сұрағаны сол еді, аудандық мешіт қызметкерлері мен мешіт жамағаты қуана кірісіп кетті.
420 қорап топтастырылып, бар салмағы 8 тоннаға жуық алма жиналды. Алғашқы жөнелтілім «Һибатулла Тарази» медресесіне жеткізілді. Ендігі кезек Ұшқоңыр, Әбу Ханифа, Сарыағаш және т.б. медреселерге жеткізу көзделіп отыр.
Кәсіпкер ағамызға және осы игі іс-шараға атсалысқан барша азаматтарымызға Алла Тағала бастарына амандық, дендеріне саулық, ризық несібелеріне, кәсіптеріне береке, қызметтерінде абырой-бедел берсін, өмір жастарын ұзақ қылып, бақытты, баянды Исламдағы өмірді нәсіп етсін!!!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі