Бүгін Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде Жамбыл облысы "Дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігі мен аталған орталық мешіттің "Әжелер алқасының" ұйымдастыруымен "Кимешек шеруі" өтті.
Көпшілікті сан ғасырлық саф мұра болған дәстүрлі қазақ үйдің саясына жинаған іс-шараға ҚМДБ Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев келіп, жылы лебізін, уағызын айтып ашып берді. Қазақ халқы «Бірінші байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық» деп, жаулықты таусылмайтын байлыққа теңеген. Міне, ата дәстүрімізден келе жатқан, шариғаттың барлық талаптарын сақтайтын ақ жаулығымызды насихаттау мақсатында жиында жаулықтың мәнісі түсіндіріліп, түрлері көрсетіліп, әйелдің жасына қарай тағу нұсқасы тілге тиек етілді.
Айта кетейік, облыстық "Әжелер алқасы" 1 жыл бұрын құрылып, әлі де белсенді жұмыс жасап келеді. Осындай көрегенді әжелердің мұрындық болуымен екі үлкен ұйымның кездесуі жасалып, нәзік жандылар қауымы арасында дәстүр мен діннің құндылықтары насихатталды.
Бүгінде ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Жамбыл облысындағы ұстаздары мен Әжелер алқасының ұйытқы болуымен ашылған "Дін мән дәстүр" орталығында жастар мен әжелердің сабақтастығы орын алуда.
Шараға шаһарымыздың телеарналары келіп түсіріп, ұйымдастырушылардан сұқбат алды. Қыз-келіншектер мен данагөй әжелер игі істі білек сыбана атқарған облыстық мешіттің ұстаздары Нұргүл Алиханқызы, Жібек Қолағұлова, Жазира Нұрсұлтанқызына алғыстарын білдірді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі