Шу аудандық "Төле би" мешітінде қайырымдылық науқаны өтті. Аталмыш шараға арналып, 2 қой сойылып, еті 8 отбасыға таратылды.
"Төле би" мешітінің азаншысы Ибрагим Жалалиев үйлерді аралап, мұқтаж отбасыларға тиісті көмекті беріп, баталарын алып қайтты.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» – дегенін ұмытпайық. Бес күндік пәни дүниеде қайырлы іс жасап, көп балалы отбасына, балалар үйіне, қарттар үйіне аса көңіл бөлейік.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бар арман-тілегі мен мақсат-мұраты адамзат атаулыдан өзіне көрсетілген қызмет емес, керісінше өзінің адамзатқа тигізер жәрдемі мен қызметі болатын. Сондықтан да болар, қолына не нәрсе түссе де, мұң-мұқтажға таратып беріп, өзі кимесе де өзгені киіндіріп, өзі ішпесе де өзгеге ішкізіп, қарамағындағы адамдардың сәл де болса қуанғанын көруді өзіне зор қуаныш, үлкен бақыт деп есептейтін.
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі