Қасиетті құрбан айт мерекесі жыл сайын хижри мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижжа айының оныншы жұлдызында басталады. Құрбан айтымызда мұсылман жұрты құрбандыққа мал сойып, думанды мейрам жасап, үлкен-кіші арасында үгiт-насихат, өсиеттер айтылып, бір-біріне құрмет көрсетілетін ұлы күндер.
Ауданымызда биылғы жылы Құрбан айт мерекеміз өте кең көлемде аталып өтті. Алғашқы күні таңертең 6:30-да айт намазы оқылып, бас имам Жалғасбай Дүйсенбайұлы құрбан айт мейрамы Алланың өзі ұлықтап берген ұлы күн екендігін барша жиналған қауымға жеткізді. Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімдерін киіп, хош иіс әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне айттап қыдырады деп сөзін бастап, жамағаттың жүрегін елжіреткен кең көлемдегі уағыз-насихатын бастады.
Айт намазынан соң жылдағы дәстүр бойынша ойындар ұйымдастырылды. Жамағат арасында қол күрес, ләңгі тебу, арқан тартыс, кір көтеруден жарыстар болып, жүлделі орын алған кісілерге бағалы сыйлықтар табысталды. Биыл ауданымыз бойынша жалпы саны 18 ірі қара, 1 түйе, 494 қой, 10 ешкі құрбандыққа шалынды.
Өңір әкімі Қанатбек Мәдібек қолдауымен аудан әкімшілігі құрбан айттың құрметіне арнайы қасапханалар бөлді. Аталмыш қасапханаларда мал союдың барлық жағдайларын жасап, қасапшыларымыз үшін арнайы шатырлар тігіліп, барлық жағдайлары жасалды.
Ауданымыздағы еріктілеріміз жиналып, жалпы 1875 отбасына ет таратылды. Ет алған аудан тұрғындары үлкен қуанышқа бөленіп, мешітімізге алғыс жаудырды. Ауданымыздың бас имамы Жалғасбай Дүйсенбайұлы нұсқаулығымен «балаларға сыйлық» атты кең көлемде акция ұйымдастырылды. Акция барысында, бас имам балаларға құрбан айтты насихаттаудың маңыздылығы мен тойлауға болатын мейрамдардың ең ұлысы екендігін тілге тиек етті. Аталмыш акция аясында балаларға құрбан айт мерекесі туралы пайдалы насихаттар айтылып, балаларға бағалы сыйлықтар мен тәттілер таратылды.
Ахат Қайыпбергенұлы,
Талас аудандық «Қаратау Қажы би»
орталық мешітінің баспасөз қызметі.