#Жуалы: Жаңа мешіт ислам мәдениеті орталығына айналады

#Жуалы: Жаңа мешіт ислам мәдениеті орталығына айналады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылмандар үшін ұлық Құрбан айт мерекесі қарсаңында күндердің сұлтаны болған қасиетті жұма күні Теріс аймағындағы осы мешіттің ашылу рәсімі болды. Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкіл имамы, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның бас имамы Асхат Ақмамбетов, алыс-жақыннан жиылған ағайын-туыстар, ауыл қариялары мен жұртшылық өкілдері көптеп қатысты.

Ашылу салтанатында көрікті мешітті салып берген кәсіпкер Гүлнар Әбдікерімованың атасы Мырзахметтің есімі ардақталып, жақсы лебіздер айтылды. Оның ұста, зергер болуымен бірге осы аймаққа сыйлы, өткен ғасырдың 20-30-жылдарғы нәубет тұсында өз кәсібімен әулетін ғана емес бүкіл ауылды асырағаны паш етілді.

Кәсіпкердің қаражатынан бөлек еңселі мешіт ғимаратын тұрғызуға бүкіл қауым қол ұшын беріпті.  Мешіт құрылысын Өзбекстаннан келген құрылысшы жігіттер жүргізсе, айнала-төңіректің жерін тегістеп, құмын, тасын әкелуге ауыл тұрғындары жәрдемдесіп, осынау сауапты іске әрқайсысы өз үлесін қосуға тырысқан.

Қазақстан мұсылмандары  діни басқармасының  Жамбыл облысындағы өкіл имамы, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев құттықтау сөзінде осынау сәулетті, еңселі ғимарат ендігіде Құдай деген жанға құшағын ашатын, әр мереке, әр жұма сайын жамағаттың басы қосылатын киелді ордаға айналатынын атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл құтты ғимарат аймақта ислам мәдениетінің өркендеуіне қызмет ететін орталыққа айналады, мешітке Бауыржан есімді білімді, қари жігіттің имам болып тағайындалған, ол зайыбымен бірге жас ұрпақты ислам қайнарларынан сусындатуға күш жұмсайтын болады.  

Облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы бұл ашылған ғибадат үйінің аудандағы 33-ші, ал облыста 324-ші мешіт екенін, бүкіл ел үшін, мемлекетіміз үшін зор қуаныш екенін айта келе, жиналған көпшілікті Құрбан айт мерекесімен құттықтады. 

Сондай-ақ, мешіт – тек ғибадат орны ғана емес, ауылдың сәні екені сөзсіз. Сондықтан да айшықты үйдің сәулеті де тартымды болу керегіне ден қою керек. Айталық, аумағы атшаптырым жерді алып жатқан бұл мешіттің айналасы көгалдандырылған, бақшасына жеміс ағаштары отырғызылған.

Ауданның бас имамы Асхат Ақмамбетов мешітте жастар тәрбиесіне, оларға арналған уағыз-насихатқа көп мән берілетініне баса назар ауларды. Дін мен халықты жақындату, жасөсіпірімдердің жат ағымдарға ілесіп кетпеуіне ықпал етудің бірден бір жолы да осы болса керек. 

Ауыл тұрғындары Ержан Әбдікерімовке тұлпар тарту етіп, Гүлнардың иығына  қазақы дәстүрмен қамзол жапты.

Мешіттің таспасы салтанатты жағдайда қиылып, жеңгелер тәттіден шашу шашқаннан кейін жамағат ішке енді. Мешіт ғимараты екі деңгейден тұрады. Бірінші қабатында ерлер мен әйелдердің намаз оқу залы, имамның іс бөлмесі, ал екінші қабатта ұлдар мен қыздардың діни сауат ашу бөлмелері жұмыс істейтін болады. Мешіттің жанында имамның отбасымен бірге тұратын үйі, асхана, әжетхана және жамағаттың көпшілікке ас беруіне арналған бастырма орналасқан.

Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: