Қажыларға ақ жол!

Қажыларға ақ жол!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

           Қасиетті Қағбаны зиярат ету әрбір мұсылманның арманы болып табылады. Өйткені, мұның себебінен адам анадан жаңа туғандай болып, күнәларынан арылады. Әлем мұсылмандарының ынтымағына куә болып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірін зиярат ету бақытына кенеледі.

          Хадис шәріптерде келтірілуге қарағанда, Қағба сондай бір жақсы мекенге орналасқан екен. Оның үстінде Бәйтул Мағмур (періштелердің қыбласы), және оның үстінде, яғни жетінші аспанның үстінде Алла Тағаланың жаратқан аршы деген мекені орналасқан. Алла Тағаланың нұры әуелгіде осы Қағбаға түсіп, кейін сол жерден күллі әлемге таратылған екен. Міне, сол себепті бұл жерге барған әр пенде үшін нағыз бақыт болып саналады екен. Кейінгі жылдарда қажылық ғибадаты үшін мемлекет пен діни басқарма тарапынан көптеген мүмкіндер мен жеңілдіктер де пайда болды.

Баршамызға мәлім болғандай, тек соңғы өткен екі жылда ғана күллі әлемде таралған вирус індеті себебінен ғана ешбір мұсылманға қажылық амалын өтеуге еш нәсіп етілмеді. Міне, енді Исламның бесінші парызы болып саналатын амалды өтеуге қайтадан кең мүмкіндіктер жасалуда.

Мәліметтерге қарағанда, Сауд Арабиясының Қажылық пен Ұмра уәзірлігі биылғы Қажылық-2022 жоспарында қажылылыққа баратын адамның ең үлкен жасы 65 жас деп белгілеген екен. Сонымен, кезекті осы мақаламызда қажылық сапарына дайындалып жүргендер үшін шариғат кітаптары мен діни қағидаларда көрсетілген төмендегі кейбір маңызды ескертулерді тізбектеп өткенді жөн санадық:

1. Қажылыққа аттанушы адам өзінен көңілі қалған (ренжітіп алған) кісілердің көңілдерін аулап, олардың разылықтарын алып жүруге тырысқаны абзал іс екен.

2. Адамдарменен дәйім жақсы қарым-қатынаста болу.

3. Қандай да бір адамның алын, дүниесін хақысыз жеп қойған болса, алған нәрсесін оның өзіне, не болмаса, оның мирасқорларына қайтарып бергені дұрыс екен.

4. Барша күнәларына әр кез тәубе келтіріп жүру.

5. Ата-анасының разылығын алған соң ғана сапарға шығу.

6. Бала-шағасын түрлі жағдаймен қамтамасыз еткен соң ғана сапарға шығу.

7. Қарыздарын төлеп, сапарға шығу.

8. Қажылықтың парыз, уәжіп, сүннеттерін жақсылап үйреніп алуы.

9. Өзімен бірге Қажылық рәсімі жайлы кітабын алып жүруі.

10. Сапарға сауда үшін емес, тек ғибадат мақсатында аттануы.

11. Өзін әр кез рия амалынан аулақ ұстау.

12. Өзіне қажетті заттар сатып алып жатқан кезде саудагермен тартыспай, дұрыс мәміле жасау.

13. Жалпы түрлі дау-дамай,ұрыс-керіс,жанжалдан, бос сөздерден аулақ болуы керек. Тіпті бұл жайында Құранда мұны "рәфәс" деп те атайды.

14. Үйінен шығып кетіп бара жатып, садақа беру.

15. Сапарға шығарда бір нәрсеге мұқтаж болып қалған адамдар болып қалса көмектесермін деп өзімен бірге артығырақ ақша ала шығу.

16. Жолға шығарда екі рәкәғат намаз оқып шығу.

17. Сапар дұғасын оқу.

18. Сапарда жүргенде қай жерге тоқтаған болса, сол жерде екі рәкәғат намаз оқып жүру. (мұстахаб)

19. Қажылық кезінде Алла Тағаланың зікірінде болып, ата-анасы, перзенттері және барша мұсылмандар үшін дұға-тілектер жасап жүру.

20. Баршаға тек мейірімділік жолмен қарауы.

21. Бес уақыт намаздарын мүмкіндігінше өз уақытында және жамағатпен оқуға әрекеттену.

Жаратушымыз биылғы қажылыққа жұртымыздан ниеттеніп жүрген әрбір мүмін-мұсылмандардың тілектерін қабыл етіп, сапарларын сәтті етсін! Халқымыз аман, Отанымыз тыныштықта болсын!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: