Жаннатқа жетудің жолы

Жаннатқа жетудің жолы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ақ пейілділік және мейірімділік «Мейірімді бол! Пейішке кіруіңе мен кепіл боламын» (Муаз ибн Жәбәл).

 

   Ислам дінінде қайырымдылықпен көмек көрсетуді мархабат (мейірімділік) дейді.                                

        Алла Тағала рақымды әрі Рахман, яғни  мейірімді әрі қайырымды.  Олай болса мархабат Алла Тағаланың берген бір ерекше сезімі. Мұсылман барынша ақ пейіл, әрі биязы мінезімен ерекшеленеді. Алла Тағаланың жаратқандарына меіріммен қарай білген адам, абзал адам.

        Мұндай адам Алланың рахметі мен мейірімділік сипаттарынан            үлес алғаны үшін әр түрлі сый, құрметтерге лайық. Алла Тағаланың рахметі мен мейірімі шексіз. Адамдарға олардың аз ғана бір бөлігі берілген.

        Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла Тағала рахметі мен мейірімін жүз бөлікке бөлді. Тоқсан тоғыз бөлігін өзіне қалдырып, бір бөлігін ғана жер жүзіне шашты. Міне сол бір үлестен тиген мейірімділік арқылы адамдар бір-біріне қамқорлық көрсетеді» - деген екен.

        Адамдарға қатыгездікпен қарайтын пенделер, сондай-ақ басқаларға зұлымдық жасап, азап берушілер бұл дүниеде де, ақыретте де бақытты бола алмайды.

    Ислам діні қатыгездікті арам еткен. Исламнан бұрын арабтар сондай  бір надан әрі зұлым еді. Үнемі бірімен бірі соғысып, нәтижесінде өлімге душар болып жататын, қыздарын ұнатпаса тірідей жерге көме салатын. Ислам діні мұндай жабайылыққа қатаң тыйым салып, адамдарға мейірімді болуға үгіттей бастады. Қорытындысында, адамдар жүрегінде мейірбандық көбейіп, тасбауырлықты жойып, пейілдерін жұмсартты. Дұшпандарын досқа айналдырды. Бірде Акра ибн Хабис деген сахаба хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немересі Хасанды құшақтап сүйгенін көріп былай деді: «Сіз балаларды өбеді екенсіз. Менің он балам бар, мен оларды ешқашан өбкен емеспін». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл кісіге жымия қарап: «Мейірімділік көрсетпеген кісіге мейірімділік жасалмас», - деді.

        Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдарға мейірімділік жасамаған кісіге Алла да мейірімділік жасамас» - деп айтыпты. Осы хадисте айтылып тұрғандай мейірімсіз, қатыгез адамдарға Алланың да мейірімі түспейді.

        Ислам діні мұсылмандарды бір дененің мүшелері деп біледі. Дене мүшелері сияқты аса тығыз байланыста болғандықтан мұсылмандар біріне-бірі қамқорлық жасап, бірінің басына түскен қайғы-қасірет, ауыртпашылыққа көмектесіп, мейірім мен ақпейілділік көрсетіп, араларындағы сүйіспеншілік пен құрметті арттыра түседі.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «...рахметім әр нәрсені сыйдырады...»  - дейді (Ағраф сүресі, 156 аят).

Ислам дінінен бізге насихат етілген мейірімділік барлық адамдарға,     тіпті бүкіл мақлұқатқа (жаратылысқа) қатысты. Мұсылман адам тек адамдарға ғана емес, жануарлар әлеміне де мархабатты келеді, зиянсыз жануарларды босқа өлтірмейді, сусыз немесе аш қалдырып, орынсыз қинап, азап бермейді. Ислам діні бойынша хайуандардың да алдында біздің жауапкершілігіміз әрі міндетіміз бар. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына, бір тозаққа лайық болған әйел жайында айтып берді. Бұл әйел мысығына ашуланып, оны тар қуысқа қамап, сол қуыста аштан өлуіне себепші болған. Ислам діні тек адамдарға ғана емес, барлық жан-жануарларға, сыртқы қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды бұйырады.

Алмас НУРБЕКОВ  

Жамбыл облысы, Жуалы аудандық 

«Толымбайтегі Зиябек» мешітінің наиб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: