Ислам дінінде білімнің артықшылығы туралы

Ислам дінінде білімнің артықшылығы туралы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүкіл әлемдердің Раббысы болған Аллаға сансыз мадақтар болсын!             Алланың игілігі мен сәлемі соңғы пайғамбар Мұхаммедке болсын!

      Адамзат баласының тура жол көрсетуші, ақ пен қараны айырушы етіп жіберген қасиетті Құран Кәрімнің ең алғашқы аяты «Оқы» әмірімен басталады. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Жәбірейіл (ғ.с.) періште келіп: «Оқы Жаратқан Раббыңның атымен! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең жомарт! Ол қаламмен жазу үйреткен. Адамдарға білмегенін үйретті» - деген.

Осы "Алақ" сүресінің алғашқы бес аятын уахи еткен. Демек, ислам білім мен ғылымға шақыратын, білімді болуды талап ететін, сауатсыздықтан сақтандыратын асыл дін. Барлық білімнің қайнар бұлағы қасиетті Құран Кәрімде жатыр. Құранның 670 жерінде білім жайлы айтылады. Білім алудың қаншалықты сауап екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметтеріне үнемі ескертіп отырған. «Ағаш бесіктен жер бесікке түскенше білім алыңдар. Ер мен әйелге білім іздеу парыз. Тіпті Қытайда болса да ілім ізде», - деген хадистерден білім алудың артықшылығын аңғарамыз. Осынау ұлағатты өсиетті санасына сақтаған данышпан ата-бабаларымыз: «Білімсіз – ғылым жоқ. Білекті бірді, білімді мыңды жығады»,- деп ұрпақтарын білімді, көкірек көзі ашық саналы болуға  тәрбиелеп келген. Қазақ топырағында білімді зиялы ғалымдарымыздың шоғыры өте көп болған. Ағартушы  ғалым  Ыбырай Алтынсарин атамыз: 

Бір Аллаға сиынып                                                                                    Кел балалар оқылық                                                                                  Оқығанды көңілге                                                                                      Ықыласпен тоқылық                                                                                  Оқысаңдар балалар
Шамнан шырақ жағылар
Іздегеннің алдынан 
Іздемей-ақ табылар, - деп білім алуға, білімді болуға шақырған.

Білімді адам Алланың сүйген құлы. Білім жаннатқа жетелейтін жолбасшы. Білімсіз адам, ол адал мен арамның, ақ пен қараның  парқын ажырата алмайды. Алланы тану үшін де білім керек. «Қол қусырып Құдайға, ғылым мен дін бірге бар» - дейді Мұқағали ақын. Иа, білім инемен құдық қазғандай. Инемен құдық қазу мүмкін емес. Ал білімді болу үшін шыдамды, сабырлы болып, түн ұйқынды төрт бөліп, кітап оқып, оқығанынды көңілге тоқып, ақылға жүгіну керек. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Адамның сүйеніші ақыл, ақылы жоқтың діні де жоқ деп айтқан». Алла Тағала сыйға берген ақыл мен білім іздеп, білгенімізді білмегендерге үйретіп, білмегенімізді білгендерден сұрап, еліміздің ертеңі үшін ерінбей еңбек ете берейік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Бір сағат білім алу, бір күн, бір түнгі құлшылықтан, бір күн білім алу, екі ай нәпіл ораза ұстағаннан артық абзал» - деген. Бірде хазіреті Әлиге (р.а.) он шақты яһудилер келіп: «Ғылым артық па, әлде мал артық па? – деп сұрақ қойыпты. Сонда Әли (р.а.) былай жауап қайтарыпты.

–Біріншіден, ғылым артық. Өйткені ғылым Пайғамбардан қалған мұра, ал мал, Перғауын мен Қарынбайдан қалған мұра.  

–Екіншіден, ғылым сені сақтайды, ал малды сен сақтайсын.

–Үшіншіден, ғылымның досы көп, ал малдын дұшпаны көп

 –Төртіншіден, ғылымды жұмсасаң арта береді, малды жұмсасаң азая береді.

–Бесіншіден, ғылым саған құрметті атақ береді, ал мал сараң деген атақ қалдырады.

–Алтыншыдан, ғылым өзін-өзі сақтайды, ал малды бағып күту керек. 

–Жетіншіден, ғылымның қиямет күні шапағаты тиеді, ал мал иесіне есеп бергізеді.

–Сегізінші, ғылым тозбайды жоғалмайды, ал мал өледі жоғалады. 

–Тоғызыншы, ғылым көңілді нұрландырады, ал мал масаттандырады. 

–Оныншы, ғылым адамға ғибадат еткізеді, ал мал иесінің көңіліне тәкаппарлық салады, - деген екен.

Білімді болсақ биікке шығатынымыз анық. Алла Тағала көңілімізге, кеудемізге, зейініміз бен зердемізге білім нұрын ұялата берсін. Амин!

Ғани Жанұзақұлы

Жамбыл ауданы  Бектөбе ауылы

«Бектөбе» мешітінің имамы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: