РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ДІНИ ТАНЫМ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ДІНИ ТАНЫМ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Баршаңызға белгілі, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты даму атты мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп  әрбір салада өзіндік жаңғыру жұмыстарын жандандыру қажет екенін айрықша атап өткен еді. Демек, бұл – рухани жаңғыру жұмыстарында дәстүріміз мен қазіргі қоғамда қалыптасқан құндылықтарды үйлестіре отырып, рухани дамудың жаңа белестерін бағындыру деген сөз.

Қазақстанның бүгінгі өмірінде ислам факторы үлкен мәнге ие. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында қолданғысы келетін діни радикалды топтардың белсенділігі де алаңдатпай қоймайды. Соңғы жылдары әлемде орын алған түрлі лаңкестік оқиғалардың барлығы БАҚ құралдарында исламмен байланыстырылып, күллі әлемде исламофобия адамдар санасына сіңіріліп жатқаны бәрімізге мәлім. Осылайша, діни экстремизм мен терроризм секілді тақырыптар жаһандық мәселеге айналды. Бұл үдеріс біздің еліміздегі діни жағдайға да өз салқынын айтарлықтай тигізіп, ең негізгі мәселелердің біріне айналды.

Қазақстан қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасау қажет. Жинақталған ғылыми мәліметтер негізінде Қазақстан Республикасының рухани біртұтастығын сақтау, сондай-ақ, қоғамдық бірізділікті қамтасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талдап, пайымдау арқылы іргелі ғылыми еңбектер жазу мемлекет тарапынан тікелей қолға алынып, білікті мамандарды тарту арқылы кең көлемді ғылыми жоба жасау – кезек күттірмейтін іс. Бұған біздің ғылыми һәм идеологиялық базамыз жетерлік.

Елбасы 2012 жылғы жолдауында дін мәселесінің қоғамымызда қаншалықты өткір тұрғандығын айта келе: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек» деп ғасырлар бойы осы ханафи мәзһабы мұрасы незінде қалыптасып, қанымызға сіңген діни түсінігіміздің маңыздылығын да атап өтті. Осы жолдауында «..Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деп діни ұстанымымыздың қай бағытта жүргізілуі тиіс екендігін белгілеп берген болатын. Расында қазақ елінің діни санасының қалыптасуында сүнниттік ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Осы мәселені біз өзіміздің діни «ішкі» сүзгі ретінде қалыптастыруымыз міндет. Онсыз біз сырттан келіп, еліміздің тұтастығын бұзғысы келетін жат ағымдарға қарсы тұра алмаймыз.

Қазақтың далалық өркениетіне негізделген көшпелілер мәдениеті мен  ұлт дүниетанымына негізделген дәстүрлі құндылықтарымызды пайымдау рухани мүддеміз бен ізгі мақсатымызды айқындайды. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағының негіздерінің бірі бұл ұлттық құндылықтар және ұлттық руханиятымыз. Зайырлы  қағидатпен ұлттық салт –дәстүр, қазақ ойшылдарынің діни ізденістері мен  ұлтымыздың рухани мұрасын жастарға таныту жолымен біз келешек ұрпақты өзіндік төлтума дәстүріміз бен құндылықтар негізінде білім беріп, тәрбиелей аламыз.

 

Ержан АМАНБАЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Жастар ісі секторының жетекшісі

Һибатулла Тарази мешітінің наиб имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: