Имандылық иірімдері: Рамазан – рухани жаңғыру айы

Имандылық иірімдері: Рамазан – рухани жаңғыру айы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтаулар болсын! Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін.

Мұсылман күнтізбесінің тоғызыншы айы «Рамазан» деп аталады. Халқымыз рамазан айын он екі айдың сұлтаны деп ерекше қадірлеген. Бұл айда құдіретті Алла тағала құлдарына ерекше мейірімін төгіп, рақым етеді. Ақ пен қараны ажыратып, адамзатқа дұрыс жол сілтейді.

Бұл ай – Алла тағаланың ерекше ықыласы түскен, шарапаты мол, iзгi ниеттi iске сауабы көп, жыл-он екi айдың ең қадiрлiсi. Исi мұсылман қадiр тұтатын қасиеттi Құран Кәрімнің алғашқы аяттары да Алла тарапынан Рамазан айында түсiрiле бастаған. Сондықтан Рамазан айы – Құранның, құлшылық пен тәубенің, кешiрiмнiң айы.

Он сегiз мың ғаламның жаратушысы Алла тағала екi аяқты пендесiнiң мойнына 5 парызды жүктеген. Сол парыздардың бiрi – ораза ұстау. Құран Кәрiмде «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретiнде Құран түсiрiле бастаған ай. Сендерден кiм Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Кiмде-кiм науқас болып, әйтпесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесiн. Алла сендерге жеңiлдiк болуын қалайды, ауырлық түсiргiсi келмейдi» делінген.

Оразаның мерзімі – бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі. Жыл-он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау – кез келген мұсылманның қолынан келетін іс. Ал, егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң, басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған. Егер ораза тұтуға қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі болса, онда әрбір күнге бір міскінді тамақтандыруы тиіс.

Денсаулығың жетіп ораза тұтсаң, ең қайырлысы сол. Өйткені осы ұлық айды басқа ешбір ай алмастыра алмайды. Себебі, бұл айды Алла тағала айрықша еткен. Рамазан айы адамдарды тура жолға бастайтын Қасиетті Құран аяттары түсіріле бастаған ай. Одан бұрынғы басқа да иләһи кітаптар нақ осы айда түсірілген.

Алла тағала қалауымен ораза құлшылығы үшін жыл-он екі айдың ішінен рамазан айын таңдады. Олай болса, осынау таңдаулы айдың өзіне тән артықшылықтары бар. Хақ тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен.

Хадисте «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты» деп айтылғандай, кез келген амал ниетпен өлшенеді. Құлшылық мәселесінде мұсылман адамның ниетін жаңартып тұруы маңызды. Рамазан айы келерден өзімізге «қандай жақсы амалдар жасауыма болады?» деген сұрақ қойып, шамам келеді деген амалдарды тізіп, іске асыруға шынайы түрде ниеттенгеніміз жөн. Тіпті істей алмай қалған жағдайдың өзінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Кім жақсы іс істеуді ниет етсе, бірақ оны орындамаса, Алла өз қасында толық бір жақсы іс жасағанындай жазады» – деп айтылғандай, пендеге істегендей сауап жазылуы үміт етіледі.

Отыз күн ораза тұтқан мүміндер құлшылықты абыройлы орындап, Жаратқанға шүкірлері мен зікірлерін айтуы тиіс. Тура жолға салып, дүниедегі ең басты бақыт – Ислам дінінде болу нығметін сыйлағаны әрі оразаны аман-есен тұтуды нәсіп еткені үшін Жаратқанды ұлықтап, тәкбір айтулары керек, Ораза айтты лайықты түрде атап өтуі қажет.

Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы,

Жамбыл ауданының бас имамы.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: