Рамазан оразасы қабыл болсын!

Рамазан оразасы қабыл болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратушы Иеміздің нәсіп етуімен, аман-есен қасиетті Рамазан айымен қауышқалы отырмыз. Биыл рамазан айы 2-ші сәуірде басталады. Ораза 30 күн болады. Келе жатқан қасиетті аймен баршаңызды құттықтай отырып, елімізге амандық пен жерімізге тыныштық, шаңырақтарыңызға Алланың нұры мен жақсылықтары дарысын деп тілеймін.

Рамазан – араб сөзі, «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», - деп түсіндіреді.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза туралы бір сөзінде: «Кім рамазан оразасын шынайы иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», - деп айтқан. Сондықтан рамазан айы, күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға негіз бар.

Рамазан – ерекше ай. Бұл айда жасалған құлшылықтарға Алла тағала еселеп сауаптар жазады. Иісі мұсылман адам рамазан айында ораза ұстайды, ауыз аштырады, тігінен-тік тұрып тарауих және Құран хатымға қатысады, пітір-садақа беріп, рухани жоғарылайды.

Ораза – бес парыздың үшіншісі. Ораза – қасиетті Құранның аятымен бекітілген үлкен құлшылық. Құранда: «Ей иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Санаулы күндер. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін. Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін. Сонда кім өз қалауымен қайырлы іс жасаса, ол өзіне жақсы. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздерің үшін жақсы», - делінген.

Ораза діннің тірегі. Рамазан айына аман-есен жеткен, дені басы сау, балиғат жасындағы өзін мұсылман санаған адамға ораза ұстамау – үлкен күнә. 

 Ораза ғибадаты, пенденің Аллаға деген сезімін оятады, адамның тақуалығын күшейтеді, құдайға жақындатады, Алланың ризашылығына бөлейді, мол сауапқа кенелтеді, жәннат есігін ашады, тозақ отына қарсы қалқан болады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жәннатта бір есік бар. Оның аты – Райан. Қиямет күнінде ол есіктен тек ораза ұстағандар ғана кіреді», - деп айтқан.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Ол – он екі айдың ішіндегі ең абзалы, ең қадірлісі. Өйткені бұл айда Алла тағаланың күллі адамзатқа жіберген соңғы кітабы – Құран Кәрім түсірілді. Құран адамдар үшін жолбасшы, тура жолды түсіндіріп, ақ пен қараны, сауап пен күнәні, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды айырушы, жаман қылықтардан сақтандырушы қасиетті кітап.

Қадірменді мұсылман қауым! Рамазан айы баршамызға қайырлы болсын. Рамазан айына лайық амалдар жасайық. Алла береке, бірлік берсін. Рамазан құтты, Алла баршамызға жар болсын.

Құрметпен, арнайы asyldin.kz үшін

Жуалы ауданының бас имамы Акмамбетов Асхат Аманжолұлы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: