Рамазан – тақуалыққа жетелейтін, кір шалып, тот басқан жүректі тазартатын Алла тағаланың ұлы бағдарламасы. Барлық періштелер жерге түсіп, мұсылманшылықтың, иманның, амалдың артатын уақыты. Міне, осы сауабы 83 жылға тең келетін қасиетті Рамазан айына 7 күн ғана қалды. Сағына, сарғайа күткен әйелдер жамағаты бүгін «Қош келдің, Рамазан» атты ауқымды Тараз қаласында тұңғыш рет өтіп отырған эксклюзивті, мерекелік кеште бас қосып, Рамазанға ішкі-сыртқы дайындықтарын пысықтады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының өкілі, облыстың бас ұстазы Нұргүл Әлиханқызының ұйытқы болуымен жүзден аса нәзік жанды қыз-келішектер, әжелер жоғары деңгейде ұйымдастырылған қадірлі кештің қадірменді қонағы болды.
«Заравшан» мейрамханасында өткен шарада Рамазан мерекесінің келгені әрбір жүрекке сезілді. Ғимаратқа кіргеннен бастап, қос етек көйлек, көк оюлы камзол, ақ орамал тартқан мешіт шәкірттері «Сүйікті бауырыма» сынды жылы сөздер жазылған ашықхаттар тарту етті. 100% Халал өнімдер мен үйді сәндеуге арналған мерекелік әшекейлердің жәрмеңкесі жасалды. Кеңінен жайылған ақ дастархан басына Жамбыл облысының барлық ұстаздары, Әжелер алқасы, шәкірттер мен жамағат жайғасты.
Мерекелік жиын Алланың Кәлімі Құран оқумен ашылды. Құранды Шу қаласының ұстазы, қари Сәуле Нұрсұлтанқызы оқып, дұғасын жасады.
Жүргізушілер сөз сөйлеп, көпшілік күтпеген тосынсыйларды бірінен соң бірін ортаға тарту етті. Алдымен облыс ұстазы барша жамағатпен бейнебаян арқылы өзін таныстырып өтті. Таразда талай жыл қызмет еткен ардақты ұстаз Жібек Болатбекқызы Жезқазғанан, Алматылық Айнұр ұстаз бен Марзия Бекайдар, Балқия Балтабай сынды коучтар бейнесәлем жолдады. Әжелер ақ батасын беріп, облыстың қала, әрбір ауданында шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздары ортаға шығып сөз алды.
Жамағатпен қызықты ойындар ойнатылып, сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар кезекті креативті видеожазбалар қойылып, әрбірі кеш қонақтарына ой салды. Дінтанушы, Phd доктор Зейнеп Үсенова «Рамазан айына дайындық» жайлы уағыз айтып, Дінтанушы, Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің ұстазы Жайна Бекназарова Аллаға мадақ жырын айтты. Викториналық, діни-логикалық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге сый-сыяпат жасалды. Шәкірттер қойылым қойып, сол қойылымға арқау болған шынайы кейіпкер Қолғанат ханым бала кезден келе жатқан құрбысымен ортаға шығып, бас ұстазбен сұқбат жүргізді. Зағиптығына қарамастан өмірге деген құлшынысы мен талпынысы зор Қолғанат бүгінде отбасылы, әрі ана. Болмашы сөзге, қарапайым дүниеге ренжіп қалатын мына уақытта осындай кейіпкердің оқиғасы көпшілікке сабақ, үлгі бола білді. Сондай-ақ, әйелдер жамағатының қолдауымен ашылған «Асар» қоры атынан Қолғанатқа 100 000 теңге табыс етілді.
Осындай ғибраты мол жандардың бірі – екі қолсыз дүниеге келсе де қыз жасауын тігу кәсібімен айналысып жүрген Анар ханым. Көпшілікке танымал дара жан ортағы шығып, сабыр жайлы сүбелі сөз сөйледі.
Сонымен қатар көпшілік 1 сәтке көз жұмып, іс-әрекет жасап көріп, көз берген Аллаға шүкірліктерін айтты.
Қатысқандар арнайы логотиппен дайындалған тәтті торттан ауыз тиіп, дұға жасап, таратылған зәмзәм суын ішті. Аллаға мадақ әуезді әні айтылып, Нұргүл Әділханқызы Рамазанға дайындықты қалай жасаймыз, қазіргі іс-әрекетіміз бен Рамазаннан кейінгі іс-әрекетіміз қандай болуы керектігін әрбір жанға жеткізіп тұрып, көзге жас алдырар насихат айтты.
Тараздық қыз-келіншектерге ерекше әсер сыйлаған рухани іс-шара жамағаттың ауырбіршілігі мен иманын толықтырған-ды. Алла Рамазанға аман-есен жеткізсін!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі
src="https://media.asyldin.kz/upload/Photo/Photo-1648314937-92917.jpg" alt="" />