Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы ауданда өткен дәстүрлі наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған іс - шараларға қатысты. Бұл мерекелік іс-шараларда түрлі ұлттық ойындар ойнатылып, салт-дәстүріміз дәріптелді. Бас имам жиналған қауымға ақ тілек батасын беріп, ұлттық мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – байырғы заманнан келе жатқан “көктемгі жаңару” мерекесі екені белгілі. Наурыз - бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келеді. Бұл мейрам Орта Азия халықтары, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық мейрамы екені баршамызға аян.
Қазақ халқында ежелден Наурыз мерекесін көктемнің келуімен орайластырған. Оны тойлау шын мәнінде келесі жаңа кезеңнің бастауына деген құрмет болып болып саналады, сондықтан мереке ерекше аталып өтеді. Қазақтар бұл мейрамда ең жақсы киімдерін киіп, туған-туыс, көрші-қолаңмен жиналып, дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырады, ән айтып, би билейді. Наурыз мейрамына тән салт-дәстүрлер де қалыптасқан. Оның ішінде ең маңыздысы – жаңаруға, тазалыққа бет бұру. Ол көптеген ғасырлар бұрын пайда болып, бүгінде жойылған жоқ. Адамдар тек үй ішін емес, ауланы да тазалайды.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі