Самарқанның көк тасы еріп, күн мен түн теңелетін 22-наурызды мұқым түркі жұрты мерекелейді. Ол күні халқымыз тал егіп, бұлақтың көзін аршып, айналаны тазалап, ағайынмен құшақтасып көріседі. Көптеген дәстүрлер орын алып, дәріптелетін.
Қазақстан халқы кең көлемде атап өткен көктем мерекесінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, ата-баба дәстүрінен көріністер көрсетілді. Сондай шаралар Шу ауданында өткен болатын. Оған ауданның бас имамы Бахтияр Амантайұлы мен қала және ауылдық мешіт имамдары қатысты.
Атап айтқанда аудан әкімі С.Арубаевпен бірге Бахтияр Амантайұлы аудан орталығында мерекеге орай әзірлеген астан ауыз тиіп, іс-шараларға куә болды. Сол сияқты өңірдің Белбасар, Бәйдібек, Ақсу, Жиенбет, Алға, Қонаев секілді т.б ауылдарында тұрғындар дастархан жайып, құрметті қонақ ретінде имамдарды шақырды. Имамдардың уағызын тыңдап, батасына қолдарын жайды.
Сонымен қатар Жаңа жол ауылдық «Күнту баба» мешіті де әз-Наурыз мерекесіне орай үлкен жиын өткізіп, артың спорттық шараларға ұластырды. Осы бас қосуға ауданның бас имамы Бахтияр Амантайұлы шақырылды. Дастархан басына жиналған жаңажолдықтарға бас имам ауызбіршілік, тақуалық туралы насихат айтып, Наурыз мейрамының мән-маңызына тоқталды.
Шара соңында спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттап, мерекені ұйымдастыруға күш салған ауылдық мешіттің имамы Берік Әуесбаевтың иығына шапан жабылып, қызметіне алғыс айтылды.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі