Тұрар Рысқұлов ауданы Қарақат ауылдық кітапханасында «Дін – тәрбиенің рухани тірегі» атты тақырыпта ауыл имамының қатысуымен кездесу өтті. Кездесуге Қарақат ауылдық «Сүлеймен ата» мешітінің имамы Барменов Азамат қатысып, мектеп оқушыларына тақырып төңірегінде кеңінен түсіндірме жасады.
Азамат имам өз сөзінде: "Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды. Дін жалпы адам баласына жаман нәрсені үйреткен емес, дәстүрлі, ата дініміз ислам адамды қайрымдылыққа, мейрімділікке, кішіпейілдікке, құрметтеуге, адалдыққа, ешкімге зиян тигізбеуге, оқуға, білім алуға, жақсылыққа үйретеді. Мысалы: Пайғамбармыздан (с.а.с.) жеткен хадисте: «Білім Қытайда болсада алыңдар» - деген, бұл жерде білімнің маңыздылығын айтып отыр. Ал, кейінгі бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Отанды сүю – иманнан» - деген, бұл хадистен отанды қорғау, отанға деген сүйіспеншілік, елге адал қызмет ету жүректен екенін діннің өзі құптап тұр",- деп бірнеше хадистерге де тоқтала кетті.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі