Сауапқа толы «Миғраж түні»

Сауапқа толы «Миғраж түні»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағала дұғалар қабыл болатын, нәпіл амал жасағандарға мол сауаптар жазылатын қасиетті күндер мен түндерді нәсіп еткен. Мысалы, Жұма, Қадір түні, Бәраат түні, Рағайып түні, тағы басқа. Осындай игі түндердің бірі – миғраж түні. Қасиетті болу себебі бұл түні Алла елшісі жеті қат көкке көтерілген болатын. Қоғамдағы кейбір адамдар «О дүниеге кім барып келіпті?» деп жатады. Расында, о дүниеге барып келген адам бар. Ол – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Бұл оқиғаны тарихта «исра сапары» мен «миғраж түні» деп атайды.

Миғраж – сөздікте «жоғары көтерілу» дегенді білдіреді, шариғаттағы мағынасы «Мұхаммед (ﷺ) Исра түні Бәйтул-мақдистен Ең Жоғарғы аспанға көтерілуі». Яғни Алла Тағала Пайғамбарымызды (ﷺ) Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түні Мекке қаласынан Ақса мешітіне апарып, сол жерден миғражға көтерді.

        Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құранда: «Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла тағала) бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке – байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Алла тағала) естуші әрі көруші», – деді («Исра» сүресі, 1-аят).

Бұл мұғжиза (ғажайып оқиға) Құранмен де, сахих хадистермен де дәлелденген. Осы бір құтты оқиғадан кейін Алла расулы көргендерін жұртқа жеткізді. Арам ниетті Мекке мүшріктері, әрине, бұған сенбеді. Олардың сенуі де мүмкін емес еді, өйткені бұл оқиғаға ғайыпқа иман келтірген мұсылмандар ғана сенеді.

Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Алла тағала жеті пайғамбарды миғражбен сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әртүрлі болған. Соның ішінде біздің пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғражы ерекше өткен. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. Бұл түнде Пайғамбарымызға (ﷺ) миғражда үш үлкен сыйлық берілді: Біріншісі, бес уақыт намаз. Екіншісі, Аллаға серік қоспаған жанның жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші хабар. Үшіншісі, Бақара сүресінің соңғы екі аяты. Сонымен қатар пайғамбарымызға бұл сапарда жаннат пен тозақ төрсетілді. Өзгеде пайғамбарлармен жүздесті. Алламен тілдесті. Яғни пайғамбарымыз ﷺ Алланы көрмеген, тіпті ешқандай пайғамбар Жаратушыны көрмеген. Тек Раббымыз белгілеген орынға, мекенге, құзырына баруына әмір етіп, тілдескендігі айтылады.

Енді бұл түнде қандай амалдар жасаған абзал?

Миғраж түнін нәпіл намаздар оқу, дұға-истиғфар ету, Құран оқу, зікір ету, Пайғамбарымызға салауат айту, күндіз ораза ұстау т.б. құлшылықтармен өткізіп, мешіттерде айтылатын уағыздар мен кітаптардан Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірімен жақынырақ танысуға ұмтылғанымыз дұрыс.

Айта кетейік, биыл ақпанның 28-нен наурыздың 1-не қараған түні миғраж түні.

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: