Исра және Миғраж түні

Исра және Миғраж түні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исламдағы қасиетті төрт айдың бірі - Ережеп айы. Алланың айы деп аталатын бұл айда Исра және Миғраж түні және Рағайып түні бар.

Әр мұсылман үшін Исра және Миғраж түні өте маңызды. “Исра” сөзі - “түнгі серуен” деген мағынаны білдіреді.  “Миғраж” сөзі болса, “биікке көтерілу, жоғарылау” деген мағынаға саяды.

Исра және Миғраж оқиғасы миләди 621 жылы Ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбіде, Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрын болған-ды.

Исра – пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам меші­тінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне түнгі сапары. Бұл туралы Құранда: “Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла - мінсіз, пәк. Ол шәк-шүбәсіз бәрін естуші, бәрін де көруші”, – делінген (“Исра” сүресі, 1-аят).

Миғраж - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жеті қат көкке көтерілуі. Онда дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі - аяттарын көріп, Алла Тағаламен тілдескен. Пайғамбар (с.ғ.с.) Миғраж түнінде көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, оларды  ғафу етуді сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): “Уа, Құдайым, мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын”, – деді. Хақ Тағала: “Намаз – мүміндердің миғражы”, – деп Мұхаммедті (с.ғ.с.) осы хабармен қуантты.

Миғраж түнінде Пайғамбарға (с.ғ.с.) үш сый жасалды. Біріншісі, “Бақара” сүресінің соңғы аяттары  уахи етілді. Екіншісі, Қиямет күні Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) үмметін шапағат ету шарапаты берілді. Үшіншісі, бес уақыт намаз парыз етілді.

Ардақты Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алла Тағаланың құдіретіне белгі болатындай көп мұғжизаларды көру нәсіп етті. Ең ұлысы Алла Тағаланың кемел дидарын көру болды. Бұл ешбір пайғамбарға нәсіп етпеген  керемет еді. 

Биыл Миғраж түні ақпанның 27-інен 28-іне қараған түнге сәйкес келіп отыр. Бұл түнде нақты бекітілген құлшылықтар жоқ. Дегенмен осы түнде Раббымызға сансыз  мадақтар айтып, құлшылық жасау, “Бақара” сүресінің соңғы аятын оқу, пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  шапағатына лайық ете ғөр деп Алла Тағаладан дұға жасау, Құран Кәрімді  және нәпіл намаз оқыған абзал.

Исра мен Миғраж оқиғасы - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басынан өткен тамаша мұғжизалардың бірі. Алла Тағала біздерге осы мұғжизадан сабақ алып, жақсылыққа асығып, жамандықтан тыйылған құлдарынан болуымызды нәсіп етсін!

Жаратушы Иеміз Исра және Миғраж түнін  баршамызға құтты қылғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. 

Бақытбек Сағымбаев,

 “Ан-нағим” мешітінің имамы. Талас ауылы.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: