Мәуліт араб тілінен аударғанда «туылу» «туылу мезгілі» деген мағынаны береді. Пенделердің падишасы, Пайғамбарлар мөрі Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған мерзіміне байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп бектіліп, атау берілген.
Ахзаб сүресінің 6-аятында Алла Тағала: «Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық» деп баяндап, Хабибімізді өзімізден артық сүюіміз керек екенін ескертеді. Ал біз секілді әлсіз үмбетке оның құтты есімін естігенде салауат айтып, сәлем деуіміз міндет. Ол туралы асыл дінімізде аз айтылмаған.
Күндердің сұлтаны саналатын, міскіндердің қажылығына баланатын Жұма күні Шу ауданы орталығындағы «Төле би» мешітінде жамағат мәуліт жырын тыңдап, сауапты сәтке кеңелді.
Аталған мешіттің бас имамы Талғат Кәрібайұлы мешітке жиылған жамағатқа мәуліт оқып, ардақты Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін баян етті. Көпшілік тік тұрып салауат оқып, сүйікті Расуліне сәлем жолдады. Мәуліт соңында бас имам Құран аятын оқып, дұға қылып аталмыш шараны тәмәмдады.
Байжан ЕМБЕРДІ,
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі



06 Ноябрь 2025
15 Джумада-авваль 1447

