Жаннаттың қақпасында "Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі" деп жазылып тұр дейді асыл дінімізде. Осы адамзаттың ардақтысы соңғы Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген ай - Мәуліт мерекесі көпшіліктің жүрегіндегі Алла елшісіне деген сағынышты оятты.
Мүбәрак айдың құрметіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілдігі "Мейірім Пайғамбары - Мұхаммед" атты рухани кеш ұйымдастырды. Қасиетті жұма күні "Баласағұн" мәдениет сарайына жиналған облыс тұрғындары әсерлі де тағылымды жиынның куәсі болды.
Сахна шымылдығы фарфардың орнына азанның "Аллаһу әкбар" тәкпірімен ашылды. Республикамызға танымал "Өнер қырандары" театры қара өлеңнің қариясы Абайдың діни мазмұндағы өлеңдерімен көрермен алдына шықты.
Халықаралық Құран жарысының жеңімпазы жас хафыз Иманәлі Мырзегелді Құран оқыды. Ал "Әбу-Бәкір әс-Сыддық" мешітінің имамы Қасымжан Бектаев пен «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің студенттері Мәуліт жырын оқыды.
Көпшіліктің құлақ құрышын қандырып, Қанатбек Полатбек пен Ринат Төре сынды әншілер Аллаға мадақ, пайғамбарымызға салауат мәтінді бірнеше ән шырқады. Сонымен қатар көпшілік "Өнер қырандары" театрының күлдіртіп, күлдіре отырып жылатқан әсерлі қойылымдарын тамашалады.
Шараға арнайы ат артып келген еліміздің Найб мүфтиі, белгілі дін ғалымы, Шариғат және пәтуә бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Пайғамбар Мұхаммедтің (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен ғибратты мысалдарды келтіріп, уағыз айтты. Көрерменге Алладан алғаш келген аян туралы, яғни «Уақи» атты бейнебаян көрсетіліп, сонымен қатар әрқайсысына діни кітап, "Мұнара" газеті мен құрма салынған сыйлық пакеттері берілді.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен Тараз қаласының бас имамы Орынбасар Дәуренбеков сахнаға шығып, құттықтау сөз сөйледі. "Һибатулла Тарази" және "Әулие ата" атты қайырымдылық қорының ашылғанын сүйіншілеп, қорға тағайындалған басшыға баталарын берді.
Бейбіт Мырзагелдиев бірнеше жылдан бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қолға алынған «Ел үлесі - пәтерге» жобасы бойынша облымыздағы шалғай өңірлерінде көпбалалы, жағдайы төмен 3 отбасыға баспана кілтін табыс етті. Ал 1 баспананың кілтін облысымызда жаңадан ашылған «Әулие-ата – Һибатулла Тарази» қайырымдылық қоры көпбалалы отбасыға табыстады. «Әулие-ата – Һибатулла Тарази» қайырымдылық қоры бүгіннен бастап, облысымыздағы көпбалалы отбасыларға баспана беруге, науқас жандарға және «Һибатулла Тарази» медресе-колледжіне көмектесуге бар күшін салады. Қордың басты ұраны «Барлық қайырымдылық көмек-жәрдемдер Жамбыл облысына көрсетілсін» деп бекітілді.
Көпшілік алдында 4 бірдей 469, 470, 471, 472-ші үйлердің кілтін табыстады. Тұрғын үй көпбалалы отбасылармен қатар Қордай ауданындағы ауылдық мешіттің жас маманына да берілді. Айта кетейік, үйге арналған қаражат аудан имамдарының, "Зекет" қорының, жаңа атаулы қордың мұрындық болуымен, демеушілердің және бүгінгі кештің билет қаржысына алынды. Облыс бас имамы көпшілікке алғыс білдіріп, Тараздың бас имамы қор туралы толық ақпарат беріп өтті.
Берекесі мен мерекесі келіскен жиын өңір тұрғындарына рухани нәр беріп, исі мұсылманның иманына күш берді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



07 Ноябрь 2025
16 Джумада-авваль 1447

