Меркі ауданы орталық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Қанат Талғатұлы өз ісін, мешітке келген жамағаттың арасында пайғамбарымыз Мұхаммедті (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кеңінен таныстырумен бастады. «Меркі ата» мешітінде енді ақшам мен құптан намаздарының аралығында тұрақты түрде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі жайлы уағыз айтылады.
Бас имам өз сөзінде: "Мұсылмандардың өміріндегі өнеге болатын басты тұлға пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен өсиетін, ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – дін жанашырына ортақ игі іс. Бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы сәті. Құран Кәрімде: "Расында, Алла пайғамбарға шексіз нығметі мен рақымын төгіп мерейін өсіруде. Ал, Оның періштелері пайғамбарға үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!", - деп ардақты пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтуға үндейді. Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын білу дін негіздері мен шариғат талаптарын дұрыс ұғынып, түсінуге ықпал ететіні күмәнсіз," - деп сөзін аяқтады.
Уағыз соңында, пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шынайы үммет болуды тілеп, халқымыздың тыныштығы, жұртымыздың амандығы үшін дұға жасады.
Меркі ауданы, «Меркі ата» мешіті