Бүгін Тараз шаһарының қақ ортасынан орын алған көне "Әулие ата" мешіті қайта қаланың орталық мешіті мәртебесін алды. Жүрекке нұр құйып, дінімізге рухани нәр жеткізген қасиетті шаңырық ата дінімізді насихаттау жаршысы болып келгеніне 100 жылдан асып қалыпты. ХХ ғасыр басында іргетасы 1902 жылы қаланған бұл киелі Алла үйі 1906 жылдары құрылысы аяқталып, мұсылман қауымының игілігіне берілген.
Бүгін салтанатты шараға дүйім жұртшылық пен дін мамандары жиналып, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша 1-ші наиб имамы Нұралы Бақытұлы осы уақытқа дейін мешіттің имамы болып келген Ораз Баймахановқа ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтың алғыс хатын табыстап, игі тілегін жаудырды.
Шаһардың орталық мешітіне Тараз қаласының бас имамы Орынбасар Дәуренбеков пен ұжымы "Кеңесхан қажы" мешітінен көшіп, орналысты. Бүгін қалалық мешіт мәртебесін алған дін ордасында жұма намазы оқылды.
Бұл мешіт VIII ғасырда Қарахандықдар салған ең алғашқы мешіттің орнына соғылғандықтан «Әулие – ата» аталды деген де сөз бар. Атеистік дәуірді де, сұм соғысты да, нәубетті де көрген ғимарат күрделі жөндеу жұмысынан соң қайта өз мәртебесімен қауышты. Тарихтан бері сан мыңдаған мұсылманның намазы қабыл болған Алла үйіне Жаратқанның қалауымен исі мұсылманның келуін жалғастырмақ.
Күндердің сұлтаны мешітке жиналған жамағат шүкіршілік тәкбір айтып, имамдар дұғасын жасады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешінің баспасөз қызметі