Жұмаққа жетелейтін жолдан тосқаны үшін...

Жұмаққа жетелейтін жолдан тосқаны үшін...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Бала – адамның бауыр еті, әкенің білек еті, ананың жүрек еті», «Балалы үй - базар» секілді халқымыздың бала жайында айтылған дана сөздері аз емес. Бала – жүректің миуасы, көңілдің гүлі, көздің нұры. Біздің көзқуанышымыз болатын баланы Алла Тағала адамға не үшін нәсіп етеді? Осы мәселе жөнінде ойланып көрдіңіздер ме? Аталмыш сұрақты туған-туыстарыңызға, жора-жолдас, достарыңызға қойып көріңізші. Олардың жауаптары сантүрлі болатындығына сенімім мол, өйткені өзім де солай жасап көрдім.

Берілген жауаптардың сан қилылығы мені қатты таң қалдырды. Жауаптардың басы «Бала – біздің ұрпағымыздың жалғасы», «Бала – біздің көзқуанышымыз», «Бала – өмірдің мәні», «Бала – жанымызға жылу сыйлап, жүрегімізге – қуаныш сыйлайды», «Бала – бастаған ісімізді, ізімізді жалғастырушы», - дегендей жауаптармен басталып түрлі жауаптармен жалғаса берді. Әттең, жүрегімнің түбінде сайрап тұрған жауапты мен сауал қойған жанның біреуі де айтпады. Көптеген ата-аналардың ойынша, олардың баласы 2-3 жасқа келгенде жақсы балабақшаға бару керек, содан кейін 6-7 жастан бастап жақсы білім алу үшін кем дегенде үш тілді қатар оқытатын мектепке беру, мектепті ойдағыдай аяқтатып, беделді бір жоғары оқу орнына түсіру, оны да лайықты түрде тәмамдатып, үлкен бір компанияның білдей маманы ретінде қызметке тұрғызу, одан кейін отбасын құрғызып, оның балалы-шағалы болуын көру – нағыз бақыт, нағыз жетістік екен. Осы армандары орындалмай қала ма деген қорқыныш та жоқ емес...

Ал солардың біреуі де баласы Алланы танымай қалмайды немесе  неліктен намаз оқымайды деп қорықпайды. Неге қорықпайды? Солардың ешқайсысы да бала-шағасы қасиетті Рамазан айында ораза ұстамай қалады деп неге қорықпайды? Ата-аналар балаларын жазу-сызуға 4-5 жастарынан үйрете бастайды, өйткені мектепке барғанда жаман оқып, оқушылардың соңы болып қалады деп қорқады. Сонда неге ешбірі баласына Құранды тым құрығанда 7 жасынан бастап үйретпейді? Неліктен намаз оқуды ептеп үйрете бастамайды? Айналып келгенде, дүниелік істердің Алла Тағаланың бұйырғандарынан маңыздырақ болғаны ма?

Қиямет күні Алла алдында бұл фәни дүниеде істеген амалдарымыз үшін жауап берерміз. Сонда ең бірінші Жұмаққа жетелейтін жолдан тосқанымыз үшін бізге айып тағып, бізді –ата-ананы кіналап келетін балаларымыз болмайтындығына кім кепіл бере алады? Сөзсіз, олардың бұл ісі дұрыс болады, өйткені балаға Алла Тағаланы таныту – ата-ананың міндеті. Енді жоғарыда айтылған «Алла адамға баланы не үшін нәсіп етеді?» деген сауалымның жауабына келер болсам, біріншіден, балаға Жаратушыны таныту үшін; екіншіден, ата-анасы бақилық болғанда, соңынан Қасиетті Құранның сүрелерін оқып, оның сауабын марқұмдарға бағыштауы әрі олар үшін Аллаға дұға жасауы үшін...

Ақерке Сыдықова 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: