Кешіре біл! Кешірімді бол!

Кешіре біл! Кешірімді бол!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әрбір адамның жора-жолдасы, достары бар. Солардың арасында бір-бірімен араз болып жүргендері жоқ емес. «Пенде болған соң бәрі де болады», - демекші мынадай жағдай да орын алып жатады, мысалы: бір досыңа ренжіп жүресің, енді біреуімен араздасып қалғансың, ал енді біреуін иттің етінен да жек көріп кетесің. Таныс жағдай ма? Иә, күнделікті тірлікте адамдар арасында бұл болып тұратын қалыпты жағдай.  Негізінде, мұсылмандарға бір-бірін суқаны сүймеу тұрмақ, жақтырмауға рұқсат етілмеген, алайда шайтан мұсылмандардың арасына осылайша от жағып, оларды бірінен-бірін алшақтатуға тырысады, кейде бұл достық қарым-қатынастың мүлде үзіліп кетуіне әкеліп соғады.

Шын мәнінде, мұсылманның енді бір мұсылман бауырына үш күннен артық өкпелеп жүруіне болмайды, бірақ кейде осы үш күн айларға немесе жылдарға созылып кетіп жатады. Кейбіреулер достары тұрмақ туған-туыстарымен де қарым-қатынастарын үзіп жатады. Кейде құдайы көршілерімен де араласпайтындар кездесіп жатады. Енді мүмін, мұсылман жанның бойында болатын үздік қасиет туралы айтудың кезі келген сияқты. Бұл қасиет — кешіре білу, кешірімді болу, орын алған жайтқа еш әрекет жасамай, кеңшілік таныту! Бұл жөнінде Алла Тағала Құранда былай айтқан: «...Кеңшілік етулерің тақуалыққа жақынырақ. Сондай-ақ араларыңда кешірімділікті ұмытпаңдар. Шәксіз Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші!» (2:237).

Әр кез кешіру арқылы біз тақуалықтың шыңына өрлей түсетін боламыз. Алла Тағала тақуа жандарды Құранда былай сипаттаған: «Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер...» (3:134).

Кешірудің асқан жоғары дәрежесі де бар, мұнда кешірім жолы – жамандыққа жақсылық жасау арқылы, яғни ренжітуші үшін дұға жасауда жатыр. Таңғалмаңыз, дәл осылай. Осы арада қазақ халқының: «Таспен атқанды, аспен ат» деген дана бір сөзін айта кеткім келеді. Бізді ренжіткен адам үшін оған Алладан дұға тілеу арқылы жақсылық жасаймыз. Бұл жөнінде де Алла Тағала Құранда былай айтқан: «...адамдарды кешірім етушілер. Алла (Т.) жақсылық істеушілерді сүйеді» (2:134).

Ұлы табиғин Хасан әл-Басри әрдайым жақсылық жасайтын. Өзін ренжіткендерге ол сыйлықтар тарататын болған. Хасан әл-Басри  былай айтқан: «Адамдарды сөзбен емес, іспен түзетіңдер. Менің соңымнан жаман сөз айтатындарға алғыс айтамын. Әрбір айтылған өсек, ғайбатпен сіздер маған жақсы амалдарыңызды беріп отырасыздар, міне, сол үшін мен сіздерге сыйлық беремін». Ұлы табиғиннің сөзінен сабақ алуға тырысайық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Алла Тағаланың кешірімі мен мейіріміне қол жеткізгіміз келсе, онда кешірімді болайық. Біздің дана Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Бір-бірлеріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер, өкпелеп бір-бірлеріңнен жүздеріңді бұрмаңдар, қастаспаңдар және араларыңда қызғаныш болмасын. Уа, Алланың құлдары, бір-біріңе бауыр болыңдар!» Негізінде, кешіре білетін адам Алла алдында ең жақсы адам санатында болады. Тым құрыса осы қасиетті Рамазан айында ешкімді ренжітпей, өзіміз де ешкімге ренжімей, кешірімді болайық, кешірімшіл болайық, кеңшіл болайық, ағайын!

Ақерке  Сыдықова 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: