Біздің асыл дінімізде бір жақсы амал бар, сол амалды орындаған адам мол сауапқа кенеледі. Бұл амал – тілге ие болу, яғни Алла Тағала алдында жауап бергізетін жаман нәрселерді айтудан сақтап, тек жақсы, көркем нәрселерді ғана айту. Тілімізді өсек-аяңнан, ғайбаттан, өтіріктен, келемеждеуден, жаладан, қасақана біреуге тіл тигізуден, мазақтаудан, жалған анттан, кемсітуден, қорлаудан, жазғырудан, былапыт сөзден және қарғыс айтудан сақтайық.
Отыз екі тістің арасынан және сүйексіз қызыл тілден шыққан әрбір сөзіміз біздің амал дәптерімізге жазылып жатқанын әсте естен шығармайық! Бір сөзіміз үшін ғана Жұмаққа кіріп не болмаса бір сөзіміздің арқасында Тозақтың отына жанып кетуіміз әбден мүмкін. Осыны ұмытпайық! Айтылған бір сөз үшін Алланың қаһарына ұшырап не болмаса Оның разылығына кенелуіміз сөзсіз. Абдулла ибн Масғуд (р.а.) былай айтқан: «Алламен ант етемін, Жер бетінде ұзақ уақыт қамауға алынуы тиіс тілден артық ештеме жоқ». Біздің кемшілігіміз – жақсы нәрселермен қатар жаман нәрселерді де айтуымызда. Ұялы телефонымызды үйде, көшеде, дүкенде – қай жерде болмасын қолымыздан тастамаймыз әрі күндіз-түні әлдебіреулермен сөйлесуде боламыз не болмаса әлеуметтік желілерде отырамыз. Бұл сөйлесуге болмайды дегенді білдірмейді, тек не жайында сөйлесіп жүргеніміз маңызды. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім Аллаға әрі Қиямет күніне иман келтірсе, тек жақсы сөз айтсын немесе үндемесін».
Неге біз тілімізге ие бола алмай жүреміз?! Негізі, өзімізбен келісімге отырып қойғанымыз абзал. Мысалы үшін, әрбір айтылған ғайбат не болмаса өсек үшін — 1000 теңге көлемінде садақа беру. Аталмыш келісімнің шарттарын орындаймыз деп жүріп ғайбат айтудан мүлде құтылармыз не болмаса банкротқа ұшырап тынармыз. Тозақтың мәңгілік отына жанып кеткенше, бұл дүниеде банкрот болғанымыз абзалырақ шығар деп ойлаймын. Негізі, осындай келісім-шарт көп жағдайда тиімді болып жатады. Біздің дана халқымыздан сөз қалған ба? Мынадай бір жақсы нақыл сөз бар: «Үндемеген үйдей бәледен құтылады». Айналып келгенде, сөз адам баласын Жұмаққа немесе Тозаққа бастап апаратын жетекші рөлін атқарады. Алланың қалауымен, «Лә иләһә иллалла» бізді Жұмаққа жетелесе, ал мән-мағынасыз жаман сөз Тозақтың отына лақтыруы мүмкін. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Егер кімде-кім екі жағының арасындағыға және екі шап ортасындағыға ие болатындығы жайлы серт беріп, сөзінде тұрса, мен де оған Жәннат үшін кепілдік берер едім». Аталмыш хадиске ғалымдар мынадай түсінік береді: «Алла Тағала тілін өтірік пен кез-келген ұятсыздықтан тыйған пендесіне кепіл болады. Егер иман келтіруші ар-ұжданын лайықты түрде сақтап жүретін болса, онда Алла оның Жұмаққа кіруіне кепілдік береді. Мұны білетін адамға бұл қандай ұлы жетісік десеңізші!»
Алла Тағала Қасиеті Құранда былай айтқан: «Әй, Мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер» (33:70).
Жаратушы Жалғыз Алла Тағаланың жаратқан пендесіне берген ең үлкен нығметі – уақыт. Бір тәулікте бізде 24 сағатымыз бар. Осы берілген уақыт ішінде Алла мүміндерге тек жақсы амалдар жасап, игі нәрсе ойлап, жақсы сөз сөйлеуге бұйырды. Алла Тағаланың бұйырғандарын орындай жүріп, біз керемет үлкен сыйға кенелеміз. Әсіресе, осы қасиетті Рамазан айында иісі мұсылман жан көбірек Құран оқып, Алланы жиі есіне алып, маңайындағыларды жақсылық жасауға үндеп, күнәдан тыйып, пайдалы ілім алып, алған ілімін өзгелерге үйретуі және тек жақсы амал, жақсы сөз айтуға бар күш-жігерін салуы тиіс. Тәулік бойы тек Алла сүйетін амалдарды жасап, тек жақсы сөз айтуға тырысайықшы, ағайын!
Ақерке Сыдықова
asyldin.kz