ҰЛЫҚ АЙДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?

ҰЛЫҚ АЙДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ақиқатында Рамазан айы – берекеге толы, мүмкіншілік айы. Әрбір мұсылман үшін Жаратушысына жақындататын ізгі амалдарды істеу арқылы мұсылманның Раббысының мейіріміне үміт ететін ай. Барлық жамандық атаулыдан тиылып, өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алатын ай.

Уа, мұсылман бауыр! Бұл киелі айдың әрбір күнін босқа жібермеуге тырыс. Игі амалдарға бірінші болып ұмтылып, Алладан зор сауап күт. Өйткені бұл ай риясыз жақсылық жасайтын ай. Алланың сүйікті елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде: «Рамазан айының алғашқы түні келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» (Бұхари) деді.

Уа, мұсылман бауыр! Сен бұл қасиетті айды аса ыжтаһатпен қарсы ал! Ақыретің үшін салихалы амалдарды көбірек жасауға тырыс. Өйткені өміріміз қамшының сабындай тым қысқа.

Өмір бір бекет болса, сол бір қысқа уақытта дүниенің қызығына алданбай, ақыреттегі азығымызды жинайық! Бұл айда сен үшін барлық жақсылықтың есігі ашық.

Бұл ай – мұсылман үшін ұлы науқан айы. Сенің Құран оқуың, Алланы еске алуың, тасбих тартуың, дұға жасап, садақа беруің, жақсылыққа шақырып, тіліңнен бастап, бүкіл денеңмен жасалатын жамандықтан тыйылуың, ілімді талап етуің, айналаңа пайдаңды тигізуің – Рамазан айында жасалатын ізгі амалдардың бір тізбегі ғана.

Уа, мұсылман бауыр! Сен бұл айда өзіңе есеп беру арқылы ұлы есепке дайындығыңды саралап, пысықта. Осы орайда Омар (Алла одан разы болсын) былай деп айтқан: «Ұлы есепке түспей тұрып өздеріңе есеп беріңдер, қияметтегі таразыға тартылмай тұрып нәпсілеріңді бұл дүниеде таразылаңдар, барлық құпиялар әшкере болатын ұлы күнге қамданыңдар!» (Тирмизи).

Уа, мұсылман бауыр! Бұл қасиетті ай – ізгі амалдарға ұмтылатын ай! Ал ізгі амалдардың алғашқы баспалдағы – күнәларыңа шынайы тәубе етуің. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә-қателіктеріңді өшіреді һәм бәріңді түбінен өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізеді» («Тахрим» сүресі, 8-аят) деді.

Шынайы түрде күнәсі үшін өкініп, тәубе еткен адамдардың күнәсін Алла мейірімімен кешіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Күнәсі үшін шынайы түрде тәубе еткен адам, күнәсі жоқ адамдай тазарады» (Ибн Мәжә) деген.

Уа, мұсылман бауыр! Бұл қасиетті айдың кіруімен сен жаңаша оянуың қажет. Күніңді жаңа парақтан бастап, өміріңді жақсы арнаға өзгерт. Алланың азабынан құтылып, уәде еткен жәннатына кірудің қамын жаса. Өмірге ақыл көзімен қарап үйрен, сол кезде өмірдің мәнін түсініп, қызылды-жасылды дүниенің қызығына алданбайсың! Алла Тағала Құранда: «Дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе де емес» («Фурқан» сүресі, 20-аят.) деген.

Рамазан – ерекше ай. Ол – Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай әр күнінде береке бар.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молаятын маусым. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы пенде Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзділіктен алыс болады. Бұл ай – жанды балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтандыратын ай. Ендеше, Рамазан айы қарсаңында не істеуіміз қажет?

Біріншіден, ең алдымен мұсылман үшін осы айға жетудің өзі үлкен нығмет екенін сезіну қажет. Сол себепті Раббысынан осы айға аман есен жеткізуін, ораза ұстап, құлшылық ғибадат жасауға мүмкіндік беретін денсаулық беруін сұрайды. Анас ибн Мәлик риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айы кіргенде былай дейтін: «Алла Тағала біз үшін Ережеп айын, Шағбан айын берекелі ет және Рамазан айына жеткіз». Кезінде сахабалар Рамазанға жақын қалғанда: «Қасиетті Рамазанға жеткізе көр» деп, Рамазаннан кейін: «Я, Раббым оразамызды қабыл ете көр», – деп дұға жасайтын.

Екіншіден, Рамазан айына кірген адам міндетті түрді Раббысына лайықты түрде шүкір айтуы керек. Өйткені адамның бұл қасиетті айға жетуі сансыз сауапқа кенелуге мүмкіндік алуы – Алланың адам баласына берген шексіз сыйы. Бұл сен үшін соңғы Рамазан болмасына кім кепіл? Сол себепті Рамазан айына аман-есен жетсең, бұл ұлы нығметті Раббыңның саған берген мұрсаты деп біл.

Үшіншіден, бұл – қуаныш, шаттық айы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хабарында сахабаларын Рамазан айының келуімен сүйіншілеген. Осы турасында айтқан мынадай сөзі бар: «Сендерге Рамазан айы келді. Бұл – берекеге толы ай. Алла осы айда оразаны парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады» (Ахмад). Сол себепті Рамазан айында шөліркеп, аптап ыстықтың қиындығын сезген кезде, еңсең түсіп қобалжыма, керісінше әрдайым жүзіңнен күлкі кетпесін. Өйткені Алланың нығметін сезіп, риза болудың өзі – құлшылық амал.

Төртіншіден, оразаға арнайы жоспар құр. Көпшілігіміз Рамазанға қатысты лайықты жоспар құра алмағандықтан, бұл айдың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Рамазан айындағы әр күн, әр сағатты босқа өткізіп алмауымыз қажет. Жоспарыңызда намазға, құран оқуға, білім алуға, ізгі амалдар жасауға, үзіліп кеткен байланыстарды қайта қосуға, тиісінше еңбек қылуға орын болған дұрыс. Сонымен қатар әр оразада бір ерекше ізгі амал жасау арқылы бұл оразаң өмірбақи сенің және отбасыңның есінде қалатындай болуы қажет.

Бесіншіден, бұл қасиетті ай басталмай тұрып, оразаға қатысты фиқһ үкімдерін, парыздарын, сүннеттерін, оразаны бұзатын, бұзбайтын амалдарды, оразадағы жеңілдіктерді білген жөн. Білмесең, білім иелерінен сұрап, ораза жайында толық мәлімет ал!

Алтыншыдан, ай басталмас бұрын барлық күнәмызға шынайы түрде тәубе еткен жөн. Өйткені Рамазан – күнәларымыз үшін шынайы түрде кешірім сұрап тәубе қылатын ай. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Бәрің бірауыздан Аллаға тәубе етіңдер, сонда ғана (азаптан құтылып) мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер» («Нұр» сүресі, 31-аят) деген.

Жетіншіден, бұл айдың келуімен мұсылман адам жақындарына хабарласып, оларды құттықтап, құттықтау қағаздарын әзірлеп, үйді тазартып, маңызды болған істерін Рамазанға дейін аяқтап, үйге қажетті заттар алып, ерекше дайындалуы қажет.

Сегізіншіден, өткен жылғы ораза айында жеткен жетістікпен шектеліп қалмай сол игі істерді одан ары дамытып, кемеліне келтіру қажет. Өткен жылы ораза барысында жіберген қателіктер болса, оны осы айда қайталамау тырысу керек. Ораза – мұсылман үшін жаңа парақ іспеттес. Өміріне көз жүгіртіп, таза параққа тек сауапты амалдар жазылуына бар күш-жігерін жұмсауы тиіс.

Баршаларыңыздың мүбарак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін!

 

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

Уағыз-насихат бөлімінің маманы

"Мұнара" газеті, №8, 2020 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: