Айналамыздағы адамдарға қуаныш пен жылулық сыйлау – жақсы амалдардың бірі. Көбіне біз бұл амалды елемейміз немесе ұмытып кетеміз, тіпті кейде айналаға қуаныш сыйлаудың біздің дінімізге не қатысы бар деп те ойлап жататын кездеріміз болады. Негізі, бұл өте жеңіл атқарылатын амал, алайда аталмыш амал үшін Алла Тағала бізді мол сауапқа кенелтеді. Алла Тағаланың сүйікті амалдарының бірі – айналамызға қуаныш пен жылулық сыйлау болып табылады. Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінің бірінде былай айтылған: «Алла Тағала алдындағы сүйікті істердің бірі – мұсылман бауырымызға қуаныш сыйлау». Адамзаттың асылы (ﷺ) тағы бір хадисінде былай айтқан: «Мүміннің үйіне қуаныш әкелгенді, Алла Тағала Жұмақпен қуантады».
Мүмкін дәл қазіргі уақытта біздің бір бауырымыз қарызға белшесінен батып, оны төлей алмай, жаны қиналып жүрген шығар?! Сол бауырымызға көмек қолыңызды созыңыз, қолыңыздан келгенше қарызынан құтылуға жәрдемдесіңіз. Мәселе ақшада емес, мәселе бауырымызға көмектесуде, оның жүрегіне қуаныш сыйлай білуде. Бәлкім бір бауырымыз ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатқан шығар?! Көңілін сұрап, хал-жағдайын біліп, керек-жарақ дәрі-дәрмектері болса алып беруге көмектесіңіз. Қолымыздағы мал-мүлік, байлық, қаражат – бәрі де Бір Алланікі екенін ұмытпаңыз. Ал біз барымызды тек Алла разылығы үшін ғана жұмсай білуіміз керек. Мүмкін сонда Алла Тағала бізді Қияметтің сұмдықтарынан сақтап, үрей мен қайғы болмайтын Жұмақты нәсіп етер. Осы арада мәртебелі Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына бір хадисін келтіре кетейін: «Егер кімде-кім қиыншылыққа ұшыраған адамның жағдайын жеңілдетер болса, онда Алла Тағала әлгі адамның жағдайын бұл дүние мен о дүниеде жеңілдетіп қояды». Демек, кімде-кім бауырына көмектесіп, оны қиыншылықтан арылтса, онда о дүниеде Алла Тағала оны үрей мен қасіреттен құтқарады. Алла Елшісі (ﷺ) Қиямет күні жағдайымыздың жеңіл болуына себепкер болатын көптеген амалдар мен әрекеттерді айтып кеткен. Осы амалдардың қатарында қиын жағдайға тап болған немесе қарызға батқан мұсылмандарға көмектесу бар. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Жақсылықтың сыйлығы жақсылық қана» (55:60).
Көшеде, жұмыста, қоғамдық көлікте немсе үйде – қапаланған адамды көрсеңіз оның жанына жылулық ұялатып, жүрегіне қуаныш сыйлап, езуіне күлкі үйіртуге тырысыңыз. Айналамызға қуаныш сыйлау арқылы біз Алла Тағаланың сүйікті істерінің бірін орындап жүргенімізді есімізден әсте шығармайық, ағайын!
Ақерке Сыдықова
asyldin.kz