Негізі, мұсылман зираты және оның күтіміне байланысты сұрақтар ұшан-теңіз. Мысалы үшін, «Мұсылманның зираты қалай күтілуі қажет және ескерткіш қою тәртібі қандай?» «Егер балалары әкесінің мазарының басына тек ағаш егуімен шектелсе, сол дұрыс па әлде бұрыс па?» «Мазардың айналасын күтудегі ең сауапты әрекет қалай болуы тиіс?» және т.б.
Ханафи мәзһабының ғұламалары мәйіт жерленген орынды қиындықсыз табу үшін қабір басына белгі қойып, аты-жөнін жазуға болады деген. Жафар бин Мұхаммед әкесінен жеткізген риуаятта былай деді: «Расында, Пайғамбарымыз (ﷺ) ұлы Ибраһимнің қабіріне су сеуіп, бір кішкентай тас қойды. (Байхақи, Сунанул кубро 3/411 (6528)). Алайда зәулім тас, қажетсіз қоршау, үлкен сәнді күмбездер орнату, қашап сурет салу және т.б. осы сияқты амалдар ысырап пен бәсекелестікке алып баратындықтан шариғатымыз тыйым салған.
Ал мазардың басына ағаш егуге болады. Өйткені жасыл ағаштың зікір айту берекетімен мәйіттің азабы жеңілдетіледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) сахабаларымен сапарда келе жатып, бір қабірдің жанынан өткенде: «Бұл екі қабірдің ішіндегі адамның екеуі де азапталып жатыр. Бұлардың бірі - адамдарды ғайбаттағаны үшін, екіншісі - кіші дәреттегі ұқыпсыздығы үшін азабын тартып жатыр», - деді. Кейін құрманың бір шыбығын алдыртып екіге бөліп, екеуінің қабіріне бір-бірден шаншып қойып: «Осы құрма кепкенге дейін азаптары жеңілдетіледі», - деді. Мазардың айналасын күтудің ең маңыздысы мәйітті аяқ асты қылмау, зиратты таза ұстау, соған қоса қабір үстіне отыру, ұйықтау, жүру және үлкен немесе кіші дәретке отырудан сақтану.
asyldin.kz