Алла Тағаланың қалауымен жазылып отырған қасиетті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) туралы менің қолжазбам оқыған адамдардың жүрегіне нұр ұялатар деген үміттемін. Мен жазушы да, ақын да емеспін, бірақ ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) туралы жаза бастағанымда, жүрегімнің түбінен күмбірлеп шыққан мына бір өлең жолдарын парақ бетіне түсірмей қою мүмкін болмады. Ақын аға-әпкелерім сөкпес деген ниеттемін:
Пірім менің – Пайғамбарым,
Әрі Елші, әрі құлы Алламның
Ақиретте күтіп алар алдымнан,
Адал да әділ шапағатшым.
Жаратушым – бір Алла,
Пайғамбарым – Мұхаммед.
Өтерім хақ бұл өмірден,
Деп «Лә иләһә иллалла»...
Алла Тағалаға мені, сізді мұсылман етіп жаратқаны үшін; ең соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) үмбетінен жаратқаны үшін; Пайғамбарымыздың (ﷺ) адал жолымен жүргізіп, адал тамақ жегізгені үшін; жүрегімізді ашып, мұсылмандықтың нұрын ұялатқаны үшін, көзімізді ашып, кімнің – ненің халал не харам екенін көрсеткені үшін; құлақтарымызды ашып, Алла Тағаланың Мұхаммед (ﷺ) арқылы бізге жеткізген қасиетті кітабымыз Құранды, Пайғамбарымыздың (ﷺ) бізге қалдырған салауатты да сауатты көркем сөздерін естірткені үшін есепсіз шүкіршілік қыламыз да Жаратушымыздың ризалығы үшін бес уақыт намазымызды қаза қылмай уақытында оқуға құлшынамыз. Қасиетті Ораза айында, Алла ризалығы үшін, ас–судан, рахаттанудан шектеліп ауыз бекітуге тырысамыз. Қандай іс болмасын, оны бастар алдында Жаратушымыздан көмек сұрап, ісіміздің қайырлы аяқталуын тілейміз. Мен де, сіз де - Алланың жаратқан бір құлы, пендесі болғандықтан, күнделікті күйбең тіршілікте қателік, кемшілік, күнә жасап қоярымыз хақ, сондықтан да Қиямет күнінің хақ Иесі Алла Тағаладан кешірім сұрап, тәубамызға келуге тырысамыз; намаздарымыздың соңында өзімізге күнәдан пәк болып жаратылған біздің Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) берілгендей көркем мінез тілейміз.
Алла Тағаланың қалауымен, жуырда сайтымыздан күллі мұсылман қауымға жіберілген ең соңғы, адал да абзал Пайғамбарымыздың сирасын, яғни өмірбаянын баяндайтын боламыз. Күйбең тірліктен қолымыз қалт ее қалғанда, Алла Тағалаға мадақ айтып, Қиямет күні біздің шапағатшымыз болатын, адамзаттың жақсысы, пайғамбарлардың асылы Мұхаммедке (ﷺ) салауат айтуды әдетке айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Өмірден «Үмбетім, үмбетім» деп өтіп, көзі тірісінде үмбетіне тура жолды көрсеткен, адал дініміздің бастаушысы болып, Жаратушы жалғыз Алла Тағаланың әмірін екі етпей атқарып отырған асыл да қасиетті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) өмірбаянын балаларымызға неге әңгімелеп бермеске? Ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) жетімдік пен қиыншылықты көріп өскен өмір-жолын өнеге етіп мұсылман қауымға айтып жеткізу, оған арнап салауат айту өзіміздің жанымызға ғанибет емес пе? Қасиетті Рамазан айының қарсаңында көбірек Алла Тағаланы мадақтап, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айтып, қасиетті Құран кітабымызды оқып, мұсылман бауырымызға жақсылық жасау үлкен сауап болар. Күллі мұсылман қауымының басты пірі болған Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болсын.
Алла Тағала күллі мұсылман қауымына және asyldin.kz сайтының ұжымына екі дүние жақсылығын нәсіп етсін, Пайғамбарымыз Мұхаммедті (ﷺ) ақирет күні біздің шапағатшымыз болуға нәсіп етуге жазсын дей келе, сөзімнің соңын былай аяқтағым келеді: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі».
Ақерке СЫДЫҚОВА
asyldin.kz