ОРАЗА, ИҒТИКАФ ЖӘНЕ ПІТІР САДАҚАСЫ

ОРАЗА, ИҒТИКАФ ЖӘНЕ ПІТІР САДАҚАСЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ораза, пітір садақасы және иғтикаф орындалу уақыты жағынан бір-бірімен тығыз байланысты құлшылықтар. Бұл құлшылықтардың тағы бір ортақ тұсы – адамды қиыншылыққа төзуге үйретуі. Өзгелер тоқ жүргенде аузы берік мұсылманның аш жүруі яғни ораза ұстауы, тиындап жиған дүниенің белгілі бір бөлігін қайтарымсыз беру яғни садақа беруі (әсіресе қазіргі капиталистік нарық дәуірінде) және жанұясының жанынан, үйдегі тұрмыс рахатынан ажырап Алла разылығы үшін күндіз-түні мешіттерде болу яғни иғтикафта отыру әрине оңай шаруа емес. Бірақ, иманы берік, сенімі нық мұсылман үшін бұл түкке тұрғысыз.  Себебі, оның түйсігіне «Расында Алла мүминдерден жандары мен малдарын жәннат қарымына сатып алды» (Тәубе сүресі, 111-аят.) деген түсінік мықтап орныққан. Ол бұл көрген қиыншылығының ақыретте сауапсыз қалмайтынына күмәнсіз сенеді. Осылайша көрген барлық тауқыметі рахметке айналады.

Исламның бес парызының бірі – ораза да, дененің зекеті – пітір садақасы да елімізге байырғыдан таныс ұғымдар болып табылады. Алайда, Хазрет Пайғамбарымыздың Мәдинаға һижрет еткенінен бастап, еш тастамай орындаған иғтикаф амалын, өкінішке орай, бүгін біреу білсе, біреу білмейді.

ОРАЗА

Құлдарын есепсіз рызықтандырған дара жаратушы Алла Тағалаға мың да бір шүкір. Сол ризықтарға шүкір етуіміз үшін біздерге оразаны үйреткен Алланың Елшісі Мұхаммед Мұстафаға салауат, Оның пәкизат отбасына және жомарт сахабаларына сәлем.

Қазақ тілінде қолданыста жүрген ораза сөзі арабшада «саум» деп аталады. Сөздікте «тыйылу» дегенге саятын саум (ораза) сөзінің шариғат терминологиясындағы мағынасы төмендегідей:

Ораза – балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманның ниет етіп, таң атқаннан күн батқанша ішіп-жеу, жыныстық қатынас тәрізді (оразаны бұзатын) істерден тыйылуы арқылы жасалатын құлшылық түрі. Жаратушы Иеміз: «Ей, иман келтіргендер, ораза сендерден бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар» (Бақара сүресі, 183-аят.) – дей келе, оразаны біздерге парыз еткен.

Парыз болуға дәлелдігі нақты (қатъийуд-дәләлә) Құран аяттары мен хадистер арқылы келгендіктен Рамазан оразасын терістеп, жоққа шығару діннен шығуға (күпіршіліке) алып барады. Ал жай ғана орындамаған адам күнаһар болады. Рамазан оразасы көштің екінші жылы Бәдір соғысынан бұрын парыз етілді. Бұдан бұрын мұсылмандар әрбір айдың үш күні мен ашура (Мұхаррам айының тоғызыншы және оныншы немесе оныншы және он бірінші жұлдызы) күндерін оразамен өткізетін.

Ораза иманның төрттен бірі болып табылады. Себебі, Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уа сәлләм бір хадисінде: «Ораза сабырдың жартысы» (Тирмизи) – десе, басқа бір сөзінде «Сабыр иманның жартысы», – деген. Оразаның исламның бес шартының бірі болуының өзі оның дінімізде қандай орынға ие екендігін аңғартады. Ал оның сауабын өмірлік өлшемдермен таразылау мүмкін емес. Осы орайда Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жаным құдіретінде болған Аллаға серт, ораза ұстаған адамның аузының иісі Алланың жанында мисктің аңқыған хош иісінен артығырақ.

Ұлы мәртебелі Алла былай дейді: (Менің бұл құлым) өзінің шахуатынан, асы мен сусынынан мен үшін бас тартты. Ораза мен үшін (ұсталады). Оның сауабын өзім беремін». (Бухари мен Муслим). Бұл құдси (Алланың Құраннан өзге сөзі) хадистегі «Оның сауабын өзім беремін», – деген сөз ораза сауабының өмірлік өлшемдермен өлшенбейтіндігін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп тұр.

Оразаның басқа ғибадаттардан артық болуының себебін Имам Ғаззали былайша түсіндіреді: «Ораза белгілі бір уақытқа жыныстық қатынастан тыйылу әрі ішіп жеуді тәрік ету. Сондай-ақ ол жасырын жасалатын ғибадат. Өзге құлшылықтардың бәрі басқалардың көз алдында жасалса, ораза тек Аллаға аян құлшылық түрі болып есептеледі». (1, 325 б.)

Мұнымен қатар ораза нәпсіні тәрбиелеудің бір жолы болып саналады. Себебі, нәпсімізді жаманшылыққа үнемі итермелеп жүретін шайтан Рамазан айында кісенделеді. Хазірет Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уа сәлләм былай дейді: «Рамазан (айы) келгенде жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады. Шайтандар шынжырланады». (Бухари мен Муслим)

Шайтанды былай қойғанда, нәпсіміздің өзі де алтын емес қой. Құран Зүләйханың азғыруына бой алдыра жаздаған Юсуфтың (алайһис-сәләм) сөзімен нәпсіні міне былай түсіндіреді: «(Юсуф айтты:) Мен нәпсімді ақтап жатқаным жоқ. Себебі, нәпсі үнемі жаманшылыққа бұйырады». (Юсуф сүресі, 53-аят.)

Ішкі жан дүниеміз рух және нәпсі деген екі жауһардан тұрады. Нәпсі – асау ат. Рух оны бағындыратын – атбегі. Нәпсі жаманшылыққа шақырады, ал рух жақсылыққа. Өйткені ол Алланың әмірінен келеді. «(Ей Мұхаммед,) Олар сенен рух жайында сұрайды. «Рух менің Раббымның әмірінен», – деп айт». (Исра сүресі, 85-аят.)

Тоқ адамның нәпсісі азып, ешкімге дес бермейтін дәрежеге жетеді. «Қарны тоқ қас надан ұқпас сөзді,» – деген Абай осыны меңзесе керек. Ол тағы бір өлең жолдарында: «Қарны тоқтық, қайғысы жоқтық Азғырар адам баласын» – дейді. Ал ораза ұстаған адамның нәпсісі әлсірейді де, рухтың оны өзіне бағындыруына мүмкіншілік туады. Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ей, жастар, іштеріңнен кім үйлене алса, үйленсін. Үйлене алмаған ораза ұстасын. Ол оған (шаһуатты) кесетін (құрал) болып табылады» (Бухари мен Муслим) – деп, үйлене алмай жүргендерге оразаны өсиет еткен.

Бұл айтылған оразаның хикметі мен пайдаларын Ислам әлеміне танымал араб ғалым Мұхаммед Али әс-Сабунидің айтқан тұшымды ойларымен толықтырсақ. Ол өзінің «Тәфсиру әятил-ахкәм минәл-Қуръән» атты құнды еңбегінде оразаның хикметі мен пайдаларын төмендегідей етіп төртке бөледі:

«…Оразаның денсаулыққа қатысты пайдаларын медицина саласы мамандарының еншісіне қалдырып, біз оның рухани пайдаларына тоқталғанды жөн көрдік.», – дейді ол – «Біріншіден, ораза – Алла тағалаға құлдық, оның әмірлеріне (парыз, уәжіп) бойсұну және тыйған тыйымдарынан (харам) сақтану болып табылады. Адам баласының өзін жоқтан бар еткен Алла тағалаға құл екенін сезінуі, Оның бұйрықтары мен берген үкімдеріне бас июі бұл ғибадаттың ең бірінші мақсаты. Тіпті бұл сезім Адамзаттың жаратылуының түпкі мақсаты десек те болады. «Бізге әлемдердің Раббысына бойсұну бұйырылды». (Әнғам сүресі, 71-аят.)

Оразаның шариғатқа енуінің екінші хикметі адамның жан дүниесін тәрбиелеу, оны сабырлыққа және Алла жолында түрлі қиыншылықтарға төзуге үйрету. Ораза адамның бойындағы ынта-жігерін тәрбиелеп, оны өз қалауларының құлдығынан құтқарып, нәпсісіне би етеді. Осылайша ол үнемі жаманшылыққа бұйыратын соқыр нәпсісі емес, шариғаттың, ақыл мен парасаттылықтың жетегінде болады. Есіл дерті өзінің қарнын тойғызу, нәпсісін қанағаттандыру болған хайуаннан кем түспейтін ақылсыз адам мен өз қалауларын тізе бүктіріп бағындыра білген періштедей пәк жанның арасы нендей алшақ?! «Күпірлік (кәпір болу) індетіне душар болғандар дүниені пайдаланып, хайуандар тәрізді ішіп-жейді. Тозақ оты олардың барар жері болмақ.» (Мұхаммед сүресі, 12-аят.), – деп Алла тағала шынында рас айтқан екен.

Үшіншіден, ораза пенденің бойындағы сүйіспеншілік және мейірімділік сезімдерін оятып, оны жүрегі жұмсақ, адамгершілігі мол, кісіліктен аулақ адамға айналдырады. Мұнымен қоса көкірегіндегі иман сезімдерін оятады. Ораза адам баласын ішер асынан құр қалдыру емес, керісінше басқа-да дін бауырлары сияқты ойлап, олар сияқты сезіну үшін адам бойына рухани тағат ұялатар бір мүмкіндік. Рамазан айында осындай халге қол жеткізген пенде әлгі бауырларына қол ұшын созып, қиыншылық атаулының астында қалғандардың көз жасын сүртіп, тіршілік тауқыметін тартқандардың қайғыларына ортақ болары сөзсіз.

Бірде Жүсіп пайғамбарға (а.с.) «Жер бетінің бүткіл қазыналарына ие бола тұра неменеге аш жүрсіз?», – деп сұрақ қойылады. Сонда ол «Қарным тойса, аш қалғандарды ұмытамын ба, деп қорқамын», – деген екен. Төртіншіден, ораза пенденің жүрегіне Алладан қорқу және үнемі Оның бақылауында жүрмін деген сезім ұялатып, оны тәрбиелейді. Осылайша тақуалық сезімін бойына сіңірген мұсылман Алла харам еткен барлық нәрседен бойын аулақ ұстайды. Демек, оразадағы сыр – құлдың қанат жайып «тақуалық мәртебеге» самғауы. Алла тәбәрәк уа тағала оразаның парыздығын білдірген аятта «Ләъәлләкум тәттәқун = Алладан қорқуларың үшін», – деу арқылы ораза ұстаудың себебін (хикметін) «Алладан қорқу» яғни, тақуалыққа байлаған.  Ол «қиналуларың үшін», «қарындарың ашу үшін» немесе «денсаулықтарың жақсару үшін ораза ұстаңдар» деп айтпаған. Демек, ораза атты жеміс ағашынан пенде «тақуалық жемісін» жинайды екен. Тақуалық аузы берік адамның жасап-жасамауы өз қолында болған (мүбах) іс-әрекеттерден Алланың әміріне бойсұна, Одан сауап күтіп тыйылу арқылы Алланың қойған шектеулерінен асып өтпеуге өз-өзін тәрбиелеуі. Хақ тағаланың оразаны парыз етерде көздеген ұлы мақсаты міне осы тақуалық. Аллам, ораза ғыбадаты неткен керемет, күллі хикметке толы Алланың шариғаты неткен ұлық?!» (2, 153,154 бб.)

Оразаның түрлері

Оразаның алты түрі бар: Парыз, уәжіп, сүннет, мустахаб, мәкруһ және харам.

Парыз ораза – Рамазан айында ұсталатын ораза, Рамазан оразасының қазасы және кәффарат оразалар.

Уәжіп оразаға бір нәрсеге нәзір етіп аталған оразалар мен бұзылған нәпіл оразалар жатқызылады. Сүннет ораза – Мухаррам айының тоғызыншы және оныншы немесе оныншы және он бірінші күндері ұсталатын ораза. Мустахаб оразаларға қамари (аймен есептелетін) айлардың он үш, он төрт және он бесінші күндері, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері сондай-ақ Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күндік ораза кіреді.

Мәкруһ болып есептелетін оразалар мыналар: әр Мухаррам айының тек қана оныншы күні мен тек қана жұма немесе сенбі күндерінде ораза ұстау.

Харам болып есептелетін оразалар: Рамазан айтының бірінші күні мен Құрбан айтының төрт күнінде ораза ұстау – харам. Өйткені айт күндері Алланың құлдарына деген сый-сияпат күндері. Алланың сый-сияпатынан бас тартуға болмайды.

Оразаға ниет

Оразаның ниетін түсіндіру үшін оразаны уақыты белгіленген және белгіленбеген деп екіге бөліп аламыз. Уақты белгіленген оразаларға Рамазан айы оразасы мен уақты белгіленген нәзір оразасы жатады. Бұл оразаларға түнде, таң атпай жатып та, таң атқаннан кейін сәске уақтына дейін де ниет етуге болады.

Уақты белгіленбеген оразаларға Рамазан оразасының қазасы, уақты белгіленбеген нәзір оразасы және кәффарат оразасы жатады. Мұндай оразаларға ниет тек қана түнде немесе таң атпай тұрып сәресі уақытында жасалады. (3, 162,163 бб.)

Ниет іштей ойлау арқылы жасалатындықтан, оны “Алла разылығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім”, – деп тілмен айтуға да, немесе тілмен айтпай-ақ, тек жүрекпен ғана жасауға болады. Оразаға ниет ететін адамның сахар уақытында сәресі ішуі – мустахаб амал. Хазіреті Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Сәресі ішіңіздер, себебі сәресіде береке бар». (Бухари мен Муслим)

Оразаны бұзып әрі қазаны, әрі кәффаратты керек ететін жағдайлар

Ораза екенін біле тұрып:

1) Жеп-ішу (тамақ болсын, дәрі-дәрмек болсын)

2) Жыныстық қатынаста болу

3) Шылым шегу.

Міне осы үш нәрсенің бірін істеген адам оразасын бұзған болып есептеледі дағы әрі қаза әрі кәффарат өтейді.

Қаза дегеніміз бұзылған оразаны күніне күн келетіндей етіп ұстау. Ал кәффарат деп Рамазан айында ұсталатын «парыз» оразаны әдейі бұзған кісіге жаза ретінде жүктелетін амалдарды атайды. Ол екіге бөлінеді:

1. Әдейілеп бұзылған бір күн оразаның орнына екі ай немесе алпыс күн үзбестен ораза ұстау

2. Оған күші жетпесе, 60 күн бойы екі мезгіл бір пақыр-кедейге тамақ беру немесе соның құнын төлеу.

Өздеріңіз байқап отырған шығарсыздар, бұл екі жазаның екеуін бірдей орындау міндеттелмейді. Бар болғаны әуелі біріншісін, оған күші жетпесе, екіншісін орындау керек. Сондай-ақ, хажамат (қан алдыру) немесе ғайбат жасап қойып, оразасы бұзылды деп ойлап, ішіп-жесе де қаза да, кәффарат та өтейді. Себебі, бұлар оразаны бұзбайды. Ал Пайғамбарымыздың «Ғайбат оразаны бұзады» деген сөзін ғалымдар «сауабын жояды» деп жорыған (тәъуил). (4, 355 б.)

 

Оразаны бұзып, тек қана қазасын керек ететін жағдайлар

1. Әдетте жеуге болмайтын, сондай-ақ дәрі ретінде қолданылмайтын нәрселерді жеп, жұту (топырақ, қағаз, мақта сияқты);

2. Мұрынға дәрі тамызу;

3. Құлақтың ішіне май тамызу;

4. Дәрет алып жатқанда ауыз-мұрнына су алған кезде байқамай тамағына су кетіп қалу;

5. Аузына салған түрлі-түсті жіптің бояуы шығып, түкірікпен араласып оны жұтып қою;

6. Қиналған жағдайда оразасын бұзу;

7. Ұйықтап жатқанда басқа біреу аузына ас салып немесе су құйып жіберсе;

8. Аузын толтырып құсу (өз қалауымен);

9. Кеш батпаса да, қателесіп батты деп ойлап ауыз ашу;

10. Сәресінің уақыты бітсе де, қателесіп әлі уақыт бар деп жеу.

 

Оразаны бұзбайтын нәрселер

1. Ораза ұстағанын ұмытып, жеп-ішу (мұндай жағдайға тап болған адам ораза екендігі есіне түссе дереу аузын шайып оразасын жалғастырады. Ораза екені есіне түскеннен кейін тамағынан бір нәрсе өтсе, оразасы бұзылады);

2. Құлағына су кетіп қалу;

3. Көзіне дәрі тамызу, сүрме жағу;

4. Жүніп күйінде оразаны бастау;

5. Еріксіз құсса

6. Ұйықтап жатқанда жыныстық жолдарынан сұйықтық білінсе;

7. Қан алдыру

8. Еріксіз тамағына тозаң, түтін кіру;

9. Аузындағы түкірікті жұту.

 

Ораза ұстаған адамға мәкруһ болатын нәрселер

1. Жұтпаса да, бір нәрсенің дәмін татып қарау (Егер күйеуі тамақтың тұзына байланысты әйелінің мазасын алатын әдеті болса, онда әйелі тамақтың дәмін көре алады, тек жұтпаса болғаны.)

2. Түкірігін аузына жинап жұту (Егер аузындағы түкірігін сыртқа шығарғаннан кейін жұтса, оразасы бұзылады)

3. Өзін әлсірететіндей етіп қан алдыру, ауыр жұмыстар жасау.

 

Ораза ұстаған адамға мәкруһ емес нәрселер

1. Раушан гүлі мен хош иісті нәрселерді иіскеу;

2. Тісті (пастасыз щетка немесе мисуакпен) тазалау; Ресейлік ғалым, Мәскеу мемориалды мешітінің имамы Шамиль Аляуддинов әлемге танымал ғалым Юсуф әл-Қарадауидің «Фәтәуә Муасыра» атты еңбегіне сілтеме жасай отырып, мынаны айтады: «Ораза ұстаған адам тіс пастасын қолданбағаны жөн. Көпшілік ғалымдар оның асқазанға өтуімен оразаны бұзатындығын алға тартуда. Қолданған жағдайда өте абай болуға тиіс.» (5, 381 б.)

3. Ауызды шаю;

4. Мұрнына су тарту;

5. Жуыну.

Рамазан оразасын ұстамауға немесе оны бастаған болса, бұзуға болатын жағдайлар

1. Жолаушы болу. Рамазан айында кемінде үш күндік (90 км.) қашықтықтағы бір жерге баратын адамның оразаға ниет етпеуіне болады. Бірақ ораза ұстап күндіз жолға шықса, оразасын бұза алмайды. Келесі күннен бастап ораза ұстамауына болады.

2. Науқас болу. Ауру адам өлуден, ақыл-есінен айрылуынан, сырқатының асқынуынан әлде ұзақ уақытқа созылуынан қорықса, ораза ұстамауына немесе бастаған оразасын бұзуына болады. Дегенмен, алдамшы күдікке бой алдырып, түймедейді түйедей қылып болар-болмас бір сырқатқа бола оразаны бұза беру де дұрыс емес. Науқас сырқатының ауырлығын өз тәжірибесіне, оның алғашқы белгілеріне немесе мұсылман шебер дәрігердің сөзіне сүйене отырып қана байқай алады. Мейлі жолаушы, мейлі науқас болсын күші жетсе ораза ұстай бергені абзал. «Ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы» (Бақара сүресі, 184-аят.).

3. Жаумен соғыс халінде. Өз отанын қорғап жүрген Ислам мужаһиді дұшпанның алдында әлсіреуінен қорқатын болса, дініміз оған ораза ұстамауға рұқсат береді. Қорқыныштың сейілуімен ораза ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

4. Қауіп төнген жағдайда. Өлтірілмекші болған кісі немесе бір ағзасына зиян келтіріліп қорқытылған кісі оразасын бұза алады. Бұзған оразасын кейін ұстайды.

5. Қатты аштық пен шөл кезінде. Ораза ұстаған адам қатты шөлдеп немесе қарны ашып, яки дәрігердің сөзіне сүйене отырып бұған шыдай алмайтындығына көзі жетсе, оразасын бұзады, кейінірек қазасын өтейді.

6. Жүкті болу немесе бала емізулі болу. Жүкті халде немесе бала емізіп жүрген ана ораза ұстаған жағдайда өзіне әлде нәрестеге зиян тиюден сескенетін болса, әрі жақын маңайында бала емізетін басқа әйел табылмаса немесе ораза ұстағанда көкірегіне сүт келмесе, оразасын бұзып, кейінірек қаза етуіне болады.

7. Хайыз (етеккір) және нифас жағдайы. Рамазан айында ораза ұстауға ниет еткен әйел күндіз етеккір екенін білсе немесе аяғы ауыр әйел босанып нифас қанын көрсе, бұл жағдайда ораза ұстауға тыйым салынады. Бірақ, етеккір мезгілі деп қателесіп Рамазан оразасын ұстамаса, оған кәффарат уәжіп болады. Мәзһабымыздағы ең күшті көзқарас осы. Рамазанда етеккір көрген әйел түнде қаны тоқтап, тазаланса, қарайды, егер етеккір күндері он күнге толыққан болса, оразаға ниет етеді де Рамазан айының оразасын ұстайды. Қалып кеткен күндердің қазасын орындайды. Алайда, он күнге жетпеген болса, сәресінің уақыты біткенше жуынуға уақыт табылса, жуынып оразасын ұстайды. Жуынуға жетерлік уақыт болмаса, ол күні емес, келесі күннен бастап оразасын ұстайды. Себебі, он күннен аз етеккір көретін әйелдердің жуыну уақыттары да етеккір уақытына жатқызылады.

8. Нәпіл ораза ұстаған адам қонаққа шақырылғанда. Қонаққа шақырылған адам шақырған адамның көңілін қалдырмау мақсатында парыз емес, нәпіл оразаны бұза алады. Бірақ кейінірек қазасын өтейді. Бұған дәлел «…амалдарыңды бұзбаңдар» (Мұхаммед сүресі, 33-аят.), деген аят. Ханафи мәзһабы бұзылған нәпіл ораза қазасының өтелуінің уәжіптігіне байланысты жоғарыдағы аяттан бөлек мына бір хадисті де дәлел ретінде келтіреді: «Айша анамыз (Алла оған разы болсын) айтады:

Бір күні Хафса екеуміз нәпіл ораза ұстадық. Бізге бір ас сыйға тартылды. Асқа тәбетіміз тартып оразамызды бұздық. Пайғамбар саллаллаһу алайһи уа сәлләм келгенде Хафса менен бұрын сөзге кірісіп оған бұл турасында сұрақ қойды. Ол саллаллаһу алайһи уа сәлләм «Орнына бір күн ораза ұстаңдар» – деп бұйырды.»

Бұл айтылған сегіз тармаққа мағызды бірнеше мәліметті қосқымыз келеді. Ораза ұстай алмайтын қарт адам ораза ұстамай-ақ, әр күн үшін бір кедейге күніне екі мезгіл тамақ береді немесе соның құнын (фидия) төлейді. Ораза күнінің ортасында етеккір көрген әйел тазаланса, жолаушы үйіне оралса, жас бала балиғатқа толса немесе бір кәпір ислам дінін қабылдаса, сол күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға тиіс. Ал ұстамаған жағдайда етеккірден тазарған әйел мен жолаушы сол күннің қазасын өтейді Ал бала мен Исламды жаңа қабылдаған адам қазасын өтемейді. Себебі, күннің басында ораза ұстауға қажетті шарттар (Мұсылман болу мен балиғат жасына жету) орындалмаған тұғын. Намаз оқымаған адам ораза ұстай ала ма? Жауап: Иә, намаз оқымаған адам ораза ұстай алады. Өйткені, бір құлшылықтың орындалмауы басқа ғибадаттың қабыл болуына кедергі емес. Бірақ, әр құлшылықтың өзіндік орны бар. Оның орнын басқа құлшылық толтыра алмайды. Ақыретте Хақ Тағала құлшылықтың сұлтаны болған намазымыздың орнына оразамызды немесе басқа құлшылығымызды қабылдарына кім кепіл? Міне, сондықтан мойнымызға жүктелген міндеттемелерді толықтай орындауға тиіспіз. Ораза исі мұсылман қайсы бірімізге болса да парыз. Оразаның, әр нәрсені өз орнымен жарататын, жұмыр басты пендеге тән қателіктерден аулақ Хаким (хикмет иесі) болған Алла тарапынан бұйырылғанын ескерер болсақ, ол жайында пенделік келте ақылымызды жүгіртудің қажеті шамалы екенін түсінгеніміз жөн.

ИҒТИКАФ

Иғтикаф көбінше Рамазан айының соңғы он күнінде орындалады. Осы жағынан алғанда иғтикаф Рамазан оразасымен байланысты құлшылық түрі болып саналады. Ал енді анықтама бере кететін болсақ, иғтикаф дегеніміз ниет ете отырып, әр кез жамағатпен бес уақыт намаз оқылатын мешітте белгілі бір уақыт құлшылық жасауға қалу.

Бұл анықтамаға сәйкес, ханафи мәзһабындағы таңдаулы (мухтар) көзқарас бойынша, жамағатпен бес уақыт намаз оқылмайтын мешіттерде иғтикаф жасалмайды.

Әйел баласы иғтикафты үйінің намаз оқуға арналған жерінде жасайды. Алайда, әйел баласы нәзір етілген уәжіп иғтикаф болса да, күйеуінің рұқсатынсыз жасай алмайды. Иғтикафтың шариғаттағы алар орны орасан зор. Ол Құранда былайша баяндалады: «Сендер мешіттерде иғтикаф жасап жатып олармен (әйелдеріңмен) қосылмаңдар» (Бақара сүресі, 187-аят.).

Ал сүннетке келсек, хазірет Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уа сәлләм Мәдина қаласына һижрет етіп келгеннен бастап, дәм-тұзы таусылғанға дейін әр жылы Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасап келген. (6, 140 б.)

Иғтикафтың түрлері

Иғтикафтың үш түрі бар:

1. Уәжіп иғтикаф (Осы ісім алға басса, пәлен күн иғтикафқа кіремін деп нәзір етілген жағдайда);

2. Мүәккад сүннет иғтикаф (Рамазан айының соңғы он күнінде);

3. Мустахаб иғтикаф (Басқа уақыттарда); (6, 138 б.)

Сүннет иғтикаф Рамазанның соңғы он күнінде болғандықтан, оразамен жасалады. Негізі иғтикаф оразасыз да орындала береді. Ораза тек уәжіп болған нәзір иғтикафтың ғана дұрыс болу шарты (шартун лис-сыхха) болып табылады. (6, 138 б.)

Уәжіп иғтикафтың ең аз уақытын имам Әбу Ханифа (Алла оны рақым етсін) бір күн деп көрсеткен. Өйткені уәжіп иғтикафта ораза ұстау шарт. Бір күннен аз уақыт ораза ұстауға болмағандықтан, уәжіп иғтикафты да бір күннен аз уақыт орындауға болмайды. (7, 137 б.)

Ал нәпіл (уәжіптен өзге) иғтикафтың ең аз уақыты имам Мұхаммедтің (Алла оны рақым етсін) «Асыл» деп аталатын еңбегінде (бір күннен) аз бір уақыт (4, 377 б.) екендігі баяндалған. Тіпті ханафи мәзһабында пәтуаға негіз болған көзқарас бойынша отырмай түрегеп жүріп те нәпіл иғтикаф жасауға болады. (6, 138 б.)

Иғтикафқа ниеттенген пенде мешітке кіргеннен бастап, дүние істерінен бойын аулақ ұстап, құлшылыққа арнаған уақытын зая кетірмей, Жаратушыға жалбарынып ғибадат ету, зікір ету, дұға жасау, Құран оқу және т.б. ақыретке пайдалы істермен өткізеді. Дегенмен ол күндіз-түні мешітте болатындықтан, сол жерде азықтанып, ұйықтауына болады.

Иғтикафқа ниет еткен адамның мешіттен тек жұма намазы сияқты «шариғи қажеттілік», түзге шығу сияқты «табиғи мұқтаждық» немесе мешіттің бұзылуы, бір залымның қинап сыртқа шығаруы, мешіттегі жамағаттың тарауы және жаны мен малына қауіп төну сияқты «зәру жағдайларда» ғана мешіттен шығып, көп кідірмей, басқа мешітке баруына рұқсат. Ал егер себепсіз бір мезет тысқа шығатын болса, уәжіп иғтикаф бұзылады. (6, 139 б.). Иғтикафтың қалған екі түрі бұзылмайды.

Иғтикафтың шарттары

1. Иғтикаф етуші адам мұсылман, ақыл-есі дұрыс және таза болуы Бұған сәйкес өзге дін өкілінің, жындының, жүніптің, хайыз немесе нифас жағдайындағы әйелдің иғтикаф жасауына рұқсат жоқ. Өзге дін өкілі ғибадатқа, ал жынды ниетке лайық емес. Таза еместер (жүніп, хайыз және нифас) мешітке кіре алмайды.

2. Иғтикафқа ниет етілуі тиіс Ниетсіз жасалған иғтикаф есепке алынбайды. Себебі оның ғибадат болып саналуы ниетке байланысты болады.

3. Иғтикаф мешіт немесе оның үкіміне өтетін бір орында жасалуы керек Жамағатпен намаз оқылатын кез келген мешітте иғтикаф жасауға болады. Үлкен мешіттерде жасалғаны абзал.

4. Уәжіп иғтикафты орындаушы адам оразалы болуы шарт Дегенмен, оразаның абайсызда бұзылуының иғтикафқа зияны жоқ.

Бұдан өзге яғни уәжіп емес иғтикафта ораза шарты қаралмайды. Өйткені олардың шектеулі уақты жоқ. Тіпті мешіттен бір-екі сағат ішінде шыққанға дейін иғтикафқа ниет етілсе де бола береді. (8, 324 б.)

Иғтикафтың макруһтері

1. Иғтикаф етуші адам мешітке сатуға тауар әкелуі макруһ болып табылады. Алайда өзі әкелмей сатуы немесе сатып алуы макруһ емес. Өйткені ол иғтикаф жасап жатқан уақытта оған қарайласатын адам болмаған кезде бұлай етуге мәжбүр болуы мүмкін (9, 334 б.)

2. Құлшылық деп есептеп үндемей жүруі мәкруһ. Себебі, шариғатымызда үндемей жүру арқылы жасалатын құлшылық түрі болмағандықтан, бұлай ету дінге жаңалық енгізу (бидғат) болып есептеледі. Дегенмен құлшылық деп есептемей жалпы үндемей жүруіне болады

3. Бос әңгімеге берілуі мәкруһ. Иғтикафта жыныстық қатынас және оған алып баратын барлық іс-әрекеттер харам болып есептеледі. Ұмыту нәтижесінде орын алса да, жыныстық қатынас иғтикафты бұзады. Иғтикафтың адамның жүрегін бір сәт болса да дүние істерінен тынықтырып, жан-дүниесін Жаратушыға тапсыру және Ұлы Аллаға басқа жерде емес, тап өзінің қасиетті үйі болған мешітте құлдық ұру, Оның берік қорғанын паналау сияқты пайдалары барын айтқымыз келеді. Әсіресе Рамазанның соңғы он күнінде жасалған иғтикафтың осы он күннің біріне жасырылған мың айдан қайырлы Қадір түніне сәйкес келу мүмкіндігі мол. Ата (р.а.) иғтикаф хақында міне былай дейді: «Иғтикаф етуші пенденің мысалы өз қажеті үшін патшаның есігіне барып, «Менің қажетімді өтемегеніңізше кетпеймін» деп жалбарынатын кісідей. Иғтикафқа кірген адам да дәл осылай Алла тағаланың үйінде отырып, «Менің күнәларымды кешпейінше бұл жерден кетпеймін» дейді.». (7, 137 б.).

Ал Имам Зуһри (р.алейһ): «Адамдарға таң қаласың. Алла Елшісі саллаллаһу алайһи уа сәлләм бір құлшылықты орындап әрі оны тәрк етсе де, иғтикаф құлшылығын қайтыс болғанға дейін еш қашан тастамай өтеп келген болса да, неліктен олар иғтикафты орындамай жүр?» (10, 215 б) – деген екен.

ПІТІР САДАҚАСЫ

Пітір садақа Рамазан айының аяғына жеткен және негізгі қажеттіліктерінен тыс нисаб (85 гр. алтынның құнына жететін байлық) мөлшеріне жететін дүниесі бар әр мұсылманға уәжіп садақа. Ол Рамазан оразасы парыз етілген һижреттің екінші жылы зекеттен бұрын шариғатқа бекітілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, пітір уәжіп болу үшін дүние-мүліктің тура зекеттегідей нисаб мөлшеріне жетуі шарт. Алайда, пітірде нисабқа жеткен мүлікке бір жыл толу шарты қаралмайды. Бұл амал бір жағынан мұсылмандардың өзара жәрдемдесуі болса, екінші жағынан оразаның қабыл болуына, жан тәсілім етіп жатқандағы қиындықтар мен қабір азабынан құтылуға себепші екен. (11, 551 б.)

Бір жағынан пітір арқылы қоғамда өмір сүріп жатқан кедейлердің айт күндері еңселері көтеріліп, елмен бірге шаттыққа бөленері тағы бар. Зекет кімдерге берілсе, пітір де соларға беріледі. Пітір садақа ханафи мәзһабындаға пәтуаға негіз болған көзқарас бойынша, басқа дін өкілдеріне берілмейді. (11, 554 б.)

Пітір мына төрт азықтың бірінен беріледі:

Түрі:  Берілетін мөлшері:

Бидай  1460 гр.

Арпа  2920 гр.

Мейіз  2920 гр.

Құрма  2920 гр. (12, 264 б.)

Пітір кедейге бұл азықтардың кез келген біреуінен берілгені сияқты оның құнын да төлеуге болады. Қайсысы кедейге қажеттірек болса, әрине соны берген абзал болса керек. Жоғарыда берілген сандар пітірдің ең төмені. Ал жоғарғысының шегі жоқ. Әл-ауқаты жақсы мұсылман одан да көп берсе нұр үстіне нұр болары анық. (12, 265 б.) Себебі, пітір садақаның түпкі мақсаты мейрам күндерінде кедейлердің жұрт қатарлы тойлап, қуанышқа кенелулері екенін жоғарыда айтқанбыз. Мейірімді Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уа сәлләм «Оларды осы күндері қол жайып жүруден құтқарыңдар», – деп айтқан болатын.  Сондай-ақ, Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде жоғарыда көрсетілген заттардың әр бірінің құны бір адамның бір күндік (таңғы, кешкі) азығына жететін еді. Ал қазір, мысалы бидай мен арпаны алсақ, 1460 грамм бидай мен 2920 грамм арпаның құнына не келеді? Сіздің бұл есеппен берген пітіріңіз кедейдің қанша жыртығына жамау болмақ? Осыны ойлаған кейбір ғалымдар (іштерінде Отандық ғалымдар да бар) бидай мен арпаға қарағанда нарықтағы бағаларының жоғары болғанына байланысты мейіз бен құрманы немесе бір адамның орташа бір күндік ішер асының құнын негізге алу керектігін алға тартуда. Діни тұрғыда бай болып есептелетін, яғни дүние-мүлікке ие мұсылман өзі және балиғатқа толмаған баласы үшін пітір садақа беруге міндетті. Кедей баланың әкесі дүниеден озған немесе ол да кедей болса, атасы немересінің атынан пітір береді. Отағасы әйелі, ересек балалары және әке-шешесі үшін пітір садақа беруге міндетті емес. Олар ауқатты болса, пітірлерін өздері беруге тиіс. Әйтсе де шаңырақ иесі әйелі мен қолында тұрып жатқан ересек балаларының пітірін олардың рұқсатынсыз бере алады. Ал бөлек шыққан балаларының пітірін тек олар рұқсат еткенде ғана барып бере алмақ. (12, 264 б.)

Пітір садақаны беру ораза айт күнінің таңының атуымен уәжіп болса да, бұдан бірнеше күн, апта, ай, тіпті жыл бұрын да беруге болады. Десек те, айт намазына дейін беру мәндуб (сауапты) болып саналады. Айт намазынан кейінге қалдыру мәкруһ болмағанымен, ханафи ғалым әт-Тимурташидің айтуынша пітірді кешіктірген адам күнаһар болады. Дегенмен, айт намазынан кейінге қанша көп кешіктірсе де, міндет адамның мойнынан түспейді. Әрі кешіктіріп өтеуі қаза емес, әда (өтеу) болып есептеледі. (4, 357 б.) Дұрысын Аллаһ және Оның Елшісі біледі.

 

Қанат ЖҰМАҒҰЛ,

 «Һибатулла Тарази» медресесінің директоры


 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Әл-Имаму Әбу Хамид Мухаммад ибн Мухаммадин Әл-Ғаззали, «Ихйау улумид-дин», Дәрул-хадис баспа үйі.

2. Мұхаммед Али әс-Сабуни, «Тәфсиру әятил-ахкәм минәл-Қуръан», Бейрут – 1999 жыл, І том.

3. Әш-Шәйх Абдулғани Әл-Ғунәйми Әд-Димәшқи Әл-Мәйдани Әл-Ханафи, «Әл-Лубаб фи шәрхил-китаб», Бәйрут – 1993 жыл, І том.

4. Шахзада Дамад Әфәнди, «Мәжмаъул-әнһур фи шәрхи мултақал-әбхур», Бейрут – 1998, І том.

5. Шамиль Аляуддинов, «Ислам в вопросах и ответах», Москва – 2006.

6. Әбу Зәйд Шәләби, «әл-Мифтах шәрху нурил-ийдах», Каир – 1956 жыл.

7. Абдуллаһ ибн Махмуд ибн Маудуд әл-Маусыли әл-Ханафи, «әл-Ихтияр ли таълилил-Мухтар».

8. Өмер Насухи Билмен, «Бүйүк Ислам Илмихали».

9. Шәйхул-Ислам Бурһануддин Әли ибн Әби Бәкір әл-Марғинани, «әл-Һидая шәрху бидаятил-мубтади», Каир – 2000 жыл.

10. Мухаммад Мұхиддин Адбулхамид, «Сәбилул-фәлах фи шәрхи нурил-ийдах лиш-Шурунбуләли», 1990 жыл.

11. Хамди Дөндүрен, «Делиллерийле Ислам илмихали», Стамбул – 1998 жыл.

12. Лүтфи Шентүрк, Сейфеттін Иазыжы, «Ислам илмихали», Анкара – 2004 жыл.

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: