Жанмен сұхбат. 2 бөлім

Жанмен сұхбат. 2 бөлім

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Уа, Алла, мені адам қылып жаратқаныңа, ақыл-ой, сана бергеніңе және де ақиқат жолына салғаның үшін Саған сансыз шүкірлер болсын! Сенің игілігің мен сәлемің Өзіңнің Елшіңе әрі Өзіңнің Сүйіктің Мұхаммедке болсын! Уа, Алла, мен бәрін де салыстыру арқылы танып білемін. Сен маған несібе бересің, Сен маған игілік бересің. Сен маған ұрпақ бердің, сол үшін де Саған сансыз шүкірлер болсын!                   

Менің балаларымның толық жанұяда, қысым көрмей өсулеріне мүмкіндігі бар. Не ішіп, не қоюды, қай жерде ас-су ішуді де өзім таңдай аламын. Менде бәрі жақсы – Аллаға шүкір, өзімді Сенің сүйікті құлдарыңның бірімін деп сенімді түрде ойлауыма болушы еді, бірақ мен ондай ойды тіпті де ойлай алмаймын, өйткені Сен маған – аз да болса сәл сәтсізрек, аз да болса жағдайы сәл төменірек, бірақ сонысына қарамастан  менен өткен риза басқа адамдарды көрсетесің!          

Егер біріне-бірін әрең жеткізіп күн көріп отырғандар, күні-түні тыңбай еңбек етіп, менің тапқан нәпақамнан он есе кем табыс тауып, Жұмаққа есепсіз бірінші болып кіретіндердің қатарында болса, менің күнім не болмақ?            

Менің алдыма әкелінген хош иісі бұрқыраған ыстық тамақ пен суық тәтті жеміс нәрсуы нақ осы сәтте басқаның алдындағы кеуіп қалған шелпек пен су құбырының шүмегінен ағызып алынған суық судан дәмдірек деп сенімді айта алар ма екенмін?           

Жаратушым, менің! Мен жалға баспана іздеп тұру керектігіне қиналдым. Баспана тапқан кезімде, онда еурожөндеудің жоқ екеніне күйзелдім. Еурожөндеуі бар баспана тапқанымда, душ кабинасының болмағанына назаландым. Ал барлық жағдай болған кезде, жұмысыма алыс деп қапаландым!  Ал бәз-біреудің ұсақ-түйектері салынған бір «қытай» сөмкесімен, екі түйіншегімен, кішкене балаларымен қоса әлдеқашан далаға шығарылып тасталғандарын сол кезде мен ойлаппын ба?   Сол кезде ана мен бала саябақтағы орындықтарда түнеп жүргендеріне қарамастан, далада қыс емес жаз мезгілі болғаны үшін Саған мадақ айтудан бір шаршамағанын ойлаппын ба мен?    Адамдардың қораларда, зираттарда тұрып та, жаңбыр мен қардан ықтайтын жеріміз бар деп, Саған мадақ айтатындары зердеме менің жетер ме, әлде оны көз алдыма елестете алар ма екенмін?                      

Үйден жұмысқа дейінгі ұзақ кептелісті, автобустағы сығылысуды, аялдамалардағы күтуді, ойша ақшаны санап, таксимен жүргенше автобуспен жүруді елестеткен кезде, дәл сол уақытта бір қарт ананың 5-6 автобус аялдамаларын жаяу жүріп өтуі тек қана 300 теңгесін үнемдеп, ауыру қызына дәрі-дәрмек алу үшін екенін мен ойлаппын ба? Солай бола тұрса да, көзінен жасы сорғалай өз аяғымен жүруіне мүмкіндік бергенің үшін Саған шүкір айтады!       

Уа, Алла! Маған берген киімің үшін Саған алғысымды айтамын, соның арқасында мен адамдарға көркем түрде көрінуге мүмкіндік аламын, өзімнің қал-ахуалымды білдіремін, мұнтаздай боп жүруге тырысамын. Киім таңдай жүріп біз көп нәрсені ұмытамыз, «брэнд» киімдерді іздей бастаймыз, сәнге, стильге бой алдырамыз, қолмен ұстап көреміз, иіскейміз, киіп көреміз де «сэконд хендтан» тәкаппарлана бас тартамыз... Өз киімдерін расымен бағалай білетіндерден өзімді Саған шынайы да мол ризашылықта болғанымды сенімді түрде айта аламын ба? Олар біреудің иығынан шешілген ескі киімді киюге жиіркенбейді, тіпті сол біреудің иығынан шешілген ескі киімдермен мешітке келіп, Саған алғыстарын айтып, сәждеде жатып жайнамаздарын көз жастарымен сулайды да. Сен маған денсаулық бердің, мен білемін бұл – аманат, сол үшін мен Қиямет Күні сұралармын. Бірақ мен сол аманатыма қаншалықты берікпін, өзімнің денсаулығымды сақтау үшін жеткілікті көңіл бөлемін бе? Бәлкім сондықтан да болар төсекке таңылған адамдарды көруіме тура келетіні? Мүмкін бір түнде ауыр дертке шалдығып, өздігінен аяққа тұру мүмкіндігінен айырылған мұсылман бауырыма жиірек барып тұруым керек шығар? Мүмкін Саған алғыс айтуда басқадан ерекше шынайы болатын соқыр әйел туралы жиі есіме алайын ба? Есту, сөйлеу мүмкіндіктерінен айырылса да жылы жымиып, сұрағандарға саусақ ишаратымен: «ӘлхамдуЛиллә» деп көрсететін өзімнің мұсылман бауыр-қарындастарыма әлбетте жиі барып тұруым керек шығар?! Бәлкім сонда ғана түсінетін шығармын, өзіміздің жұмыс істеп тұрған дене мүшелеріміз үшін, азанның ғажайып әуені үшін, иық түйістіре түзу сапта тұрған мұсылман бауырларымыз үшін, иілу мүмкіндігі үшін. Сенің ұлылығыңды дәріптеп етпетінен құлаймыз, тек менің белімнің сәждеге иілу мүмкіндігінің болғаны үшін ақиқатында Саған қалай риза болу керектігін!                      

О, Жаратушы! «Менің балаларым үшін Саған мадақ!» - деп сыбырлаймын мен. Сен бізге балалар сыйладың, олармен біздің пендешілік өмірімізді әшекейледің. Олар сондай ұшқалақ, кейде сондай сүп-сүйкімді, әсіресе ұйықтап жатқанда және күлгенде! Олар сондай ерке, кейде олардың еркеліктерін көтермей долданамыз да оларға дауыс көтереміз. Олар сондай тынымсыз, тіпті кешке жұмыстан шаршап үйге оралғанда, қолыңнан тартып ойнамақ болады, орынсыз да күлкілі сұрақтар қояды. Кейде біз балаларымызға ашуланамыз да...  Бірақ кейде біз бір балаға зар болғандар туралы есімізге алар ма екенбіз? Біз олардың мұңды да қызғанышты көзқарастарын байқамадық па? Балаларымызды апасы мен атасына жіберіп, үйде жалғыз қалғанда құлаққа ұрған танадай тыныштық бір сәт зердемізге жетпеді  ме? Жылдап осындай тыныштықта өмір кешетіндердің күндері қандай екен? Кейде біз науқас немесе мүгедек балалары бар ата-аналар туралы мүлде ұмытамыз. Шынын айтқанда, сондай ата-аналарды бір рет-те болса кездестірген шығармыз! Біз сияқты олар да өздерінің толық дамымаған, жетілмеген балалары үшін қуанады, мақтан тұтатын да шығар. Сөзссіз, бізге қарағанда олар өздерінің балаларын  көбірек және артық жақсы көреді, өйткені олар өз баласының азап шегіп қиналғанын көреді. Баласы тартқан жан азабын олар да қоса тартады. Олар бұл фәни дүниелерін тастаған: мейрамдар, көңіл көтерулер, комфорт пен жайлылықты өзінің сәбиіне ауыстырған. Уа, Аллам, тек сол үшін ғана Сен оларға таңқаларлық сабыр бердің! Менің баламның еркеліктеріне деген сабырым, сол ғажап әйелдің сабырына тең келер ме? Оның сәбиі тумасынан күн сайын комаға түсіп отырған, оны сәби білді, көнді, әлі күнге сондай қатты ауырғанына шыдап келеді, ондай дертті  бізге елестетудің өзі қиын емес пе?           

Сондай балалардың көздерін көрдіңіз бе? Мен көрдім, көрдім де олардың көздерінен: «Менің өмір сүргім келеді! Менің ойнағым келеді! Менің күлгім келеді!» деген тәтті армандарын оқыдым. Олардың аналары мен әкелері сәбиінің ұйқысы үшін түнді күнге айырбастаған, ал бізге, алаңсыз да бір қалыппен дем алып  ұйықтап жатқан балалар үшін, бізге осындай қызықты да еркетотай жаратылыстарды сыйлағаны үшін, жүрегіміздің түбінен шыққан алғысымызды жеткізу үшін, түнгі намазға тұрудың өзі күш, СубханАлла!   Сенің алдыңда біз қандай әділеттсізбіз! Қалай біз пендешілік өмірдің қызығына берілеміз де сәждеге өте сирек тізе бүгеміз әрі Сенің атыңа бір дүркін ғана дәріптеу жолдаумен ғана шектелеміз!                 

Жасаған Ием, менің! Расында да Сенің маған берген игіліктерің шексіз. Кейде мынадай бір ойға шомғанымыз жөн болар: «Орнына еш нәрсе қажет етпей, маған беріп жатқан Сенің  нығметтеріңе  мен лайықпын ба?» Біздің көпшілігіміз өз бойынан мұндай құндылықтарды таба алмасына сенімдімін.             

 Біздің күнәларымызды кешіріп, Өзің риза болған құлдардың қатарынан болуға нәсіп ете гөр деп тілеймін!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: