Уақытты бағындыру

Уақытты бағындыру

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Төмендегі жайт Келлог Бизнес Скулдың (Норзвестерн университеті) жұмыс басқару магистранттары мен «Уақытты бағындыру» сабағының профессоры арасында болған. Профессор сыныпта отырған әлемдегі ең таңдаулы студенттердің жүзіне барлай қарағаннан кейін:

– Бүгін уақытқа жетекшілік ету тақырыбына зерттеу аралас бір сынақ жүргіземіз, - дейді. Сөйтеді де мұғалім өз үстелінің астынан күні бұрын дайындап қойған үлкен шыны ыдысты алып, үстелдің үстіне қояды. Артынша үстелдің астынан тағы да әрқайсысы жұдырықтай бірнеше тастар алып, ақырындап әлгі ыдыстың ішіне сала бастайды. Ендігі тас сыймайды-ау деген кезде студенттерге бұрылып:

– Қалай ойлайсыңдар, ыдыс толды ма? - деп сұрапты. Профессордың бар істегенін қалт жібермей байқап отырған студенттер бәрі бірауыздан:

– Иә, толды, - деп жауап береді.

– Олай болса, қазір көреміз - деп профессор үстел астынан тағы да бір банка ұсақ шағыл тастар алып, оны да толғанынша жайлап қана әлгі үлкен тастар койылған ыдыстың ішіне сала бастайды. Ыдысты шайқаңқырап әбден толды-ау деген кезде студенттерден: – Қалай, ыдыс енді толды ма? - деп тағы да сұрапты.

Бір оқушы қуланып:

– Әлі де толмаған болар, - дегенде, профессор асықпастан:

– Рас айтасың, бұл әлі де толмады, - деп үстелінің астынан тағы да бір банка құм алып, оны да әлгі ыдыстың ішіне жайлап төге бастайды. Ыдысты да ырғаңқырап отырып, құм ірі тастар мен ұсақ шағыл тастардың арасына нығыздалып әбден толды-ау деген кезде студенттерге қарап:

– Ыдыс енді толды ма? - деп қайта сұрапты. Профессордың түбінде нені меңземек болғанын әлі де аңғара қоймаған студенттер:

– Жоқ, - деседі. Бұл жолы да «Дұрыс айтасыңдар» деген профессор әлгі ыдысқа енді бір ожау су құйыпты. Меймілдеп толған су оның ернеуіне жеткен кезде енді болды дегендей студенттерге қарап:

– Біздің бұл сынағымыздың астарын кім ұқты? - деп сұрапты. Бір студент:

– Уақыт бізге қанша толы болып көрінгенімен, тағы да бөліп, басқа нәрселермен айналысуға болатындығы, - дегенде профессор:

– Жоқ, - депті сынақтың түп мәнісін өзі түсіндірмек болып:

– Бұл сынақтың астары. Егер үлкен тастар бірінші болып қойылмаса, онда ұсақ тастар қойылып қойғаннан кейін ыдысқа үлкендерінің кейіннен тіпті орналастырыла алмай қалатындығы. Бұл өздерің де көріп отырғандай күнделікті өмірдегі таза шындық. Студенттер таңғала қарап отырғанда, профессор сөзін ары қарай сабақтапты: Өмірдегі үлкен тастар дегеніміз не? Оқу, білім алу, отбасын құру, бала сүю, денсаулық, жора-жолдас, басқаларға пайдалы болу, артына еңбек қалдыру, өзіндік арман-қиялдарың. Осылардың біреуі немесе бірнешеуі, тіпті, барлығы да сендердің үлкен тастарың болуы ғажап емес. Бүгін түнде жатар алдында жақсылап ойланыңдар, сендердің үлкен тастарың қайсысы екендігін дұрыстап шешіңдер. Ыдысқа үлкен тастарды бірінші қоймасаңдар, кейін сыйғызармын деудің бос әурешілік екенін біліңдер, онда болашақта елге де, Отанға да, ешкімге де пайдалы бола алмайсыңдар. Ендеше, өмірдің іргетасы іспетті үлкен тастарға қазірден бастап зор жауапкершілікпен қараңдар, - деген профессор сабақ бітсе де, аңтарылып үнсіз отырып қалған студенттерді сыныпқа қалдырған күйі шығып кете беріпті.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: