Ислам ғылымхалы

Пітір садақа

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пітір сөзі (араб тілінде) - «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған.
 
Пітір садақасы - күнделікті қолданылатын негізгі қажеттерінен тыс, кем дегенде, нисап мөлшеріндегі (85 г. алтын немесе құнына тең) байлыққа ие адамға уәжіп садақа.
Пітір садақасы һижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді.
Пітір садақасы Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болғанымен, бірнеше күн, тіпті бірнеше ай немесе жыл бұрын беруге де болады. Бұл садақаның Ораза айт на- мазына дейін берілгені дұрыс. Пайғамбарымыз (с.а.у.)
«Осындай күнде (айт мейрам күні) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», - деген. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлердің де жұрт қатарлы жадырауын ойлаған Ислам діні - қандай кере- мет дін!
Түрлі себептермен аталмыш мерзімнен қанша кешіктірілсе  де, пітір садақасы міндетті түрде берілуі тиіс.
Пітір садақасын айт күні таң атысымен беру уәжіп болғандықтан, аталмыш уақыттан бұрын дүниеден өтіп кеткен адамдар үшін уәжіп емес. Бірақ осы уақыттан кейін қайтса, артында қалған туыстары қайтқан адамның малынан өтейді. Сол сияқты таң атпай дүниеге келген сәбиге пітір садақасы - уәжіп. Ал, таң атқаннан кейін туылған балаға - уәжіп емес.
Пітір садақасы әрбір нисап мөлшеріне ие азат мұсылман үшін - уәжіп. Пітір садақасы уәжіп болған мұсылман нисап мөлшерінде байлығы жоқ әйелі мен кішкентай балалары үшін де беруге тиіс.
 
Бір адамның пітір садақасы бір мұқтаж адамға беріледі. Бірақ бір адамның пітір садақасын бірнеше адамға бөліп беруге болмайды. Бірнеше адамның пітір садақасын біріктіріп, тек қана бір мұқтаж адамға беруге болады.

Пітір садақа қалай өтеледі?

Пітір садақалары ең алдымен жергілікті жердің мұқтаж кедейлеріне берілуі тиіс. Жергілікті жердің мұқтаж кедейлері бола тұра, басқа жердің кедейлеріне беру - мәкрүһ.

 

Пітір садақаның мөлшері

 

Пітір садақасы мына төрт нәрсенің кез-келген біреуінің өзінен немесе құнынан беріледі. Кедейлердің кез-келген қажетіне ыңғайлы болғандықтан құнын беру
- абзал.
1. Бидай немесе бидай ұнының уәжіп  болған мөлшері: 1 кг 459 грамм немесе осы мөлшердің құны.
2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.
3. Құрғатылған жүзімнің уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.
4. Құрғатылған құрманың уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.


Құрметті оқырман! Жоғарыда көрсетілген пітір садақа ретінде берілетін бидай, арпа, мейіз, құрмалардың құны пайғамбарымыздың  (с.а.у.) заманында бір-біріне өте жақын еді. Ал қазір арпа мен бидайдікі тым арзан да мейіз бен құрманікі өте қымбат. Бұлардың бағасы
 
тұрғылықты жерге қарай да өзгеріп отыратыны тағы бар. Сондықтан, пітір садақаның мөлшері ретінде бір кедейді таңертең және кешке тойдыруға жететіндей мөлшерді өлшем ретінде алған дұрысырақ. Бұған қоса, жоғарыда көрсетілген пітір мөлшері - ең төменгі көрсеткіш. Ал бұл көрсеткіштен артығымен беруге әбден болады.